Құрылтай депутаты Асхат Аймағамбетов мұғалімдердің қағазбастылықтан, ата-аналардың жеке деректерін жинаудан және жұмыс уақытынан тыс тапсырмалардан шаршағанын айтты. Ол ұстаздардың негізгі міндеті бала оқыту екенін еске салып, білім саласындағы артық жүктемені азайту қажеттігін көтерді, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Депутат бұл туралы Мемлекет басшысының Жолдауынан кейін журналистерге берген сұхбатында айтты. Оның сөзінше, соңғы жеті жылда мұғалімдерді қолдау бағытында оң өзгерістер болғанымен, білім беру жүйесінде шешілмеген мәселелер әлі де бар. Әсіресе, мектептерде көбейген ақпараттық жүйелер мен есеп беру жұмыстары ұстаздардың уақытын алып отыр.
«Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерін өзара интеграциялау арқылы деректерді жинаудың орнына, әлеуметтік педагогтерге, сынып жетекшілерге, мұғалімдерге тапсырма беріп, ата-аналарды шақыртып, жеке деректерін жинап жатыр. Ұстаздар сабақ бере ме, әлде ата-аналардан жеке деректерін аламын деп сөз ести ме?» – деді Асхат Аймағамбетов.
Депутат мұғалімдердің жұмыс уақытынан тыс уақытта да тыныштық таппайтынын атап өтті. Оның айтуынша, кейбір ата-аналар түн ортасында баласының бағасына қатысты сұрақ қойып, мұғалімдерден дереу жауап күтеді. Бұған қоса, ұстаздарға WhatsApp чаттарындағы хабарламалар мен әлеуметтік желілерге Reels жариялау сияқты қосымша міндеттер жүктелетінін сынға алды. Аймағамбетов мұндай мәселелерді шешу үшін мұғалімдердің құқықтарын қорғауды күшейтіп, қажетсіз тапсырмаларды қысқарту маңызды екенін жеткізді. Оның айтуынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та Жолдауында ұстаздардың мәртебесі мен қауіпсіздігіне ерекше тоқталған. Мемлекет басшысы мұғалімдерге дөрекі сөйлеуге, олардың ар-намысына тиюге және күш қолдануға жол бермеу қажеттігін айтқан.
«Мұғалімге қамқорлық көрсету – тек ұстаздың өзін қолдау емес, балаларымыздың, болашағымыздың қамын ойлау», – деді депутат.
Асхат Аймағамбетовтің сөзінше, Құрылтай депутаттары мұғалімдердің құқығын қорғауға, жұмысын жеңілдетуге және артық міндеттерден босатуға бағытталған арнайы заң жобасын дайындап, қарастырады.
Айта кетейік, бұған дейін қазақстандық мұғалімдер мен ата-аналар жаңа Balazhan платформасына қатысты наразылық білдірген. Олар жүйеге отбасы мүшелерінің жеке мәліметтерін енгізу қажеттігін сынға алған. Ал Оқу-ағарту министрлігі платформаның мақсаты балаларға қажетті көмекті дер кезінде ұйымдастыру екенін түсіндірген.