Танымал әнші Бағлан Әбдірайымов қайта шаңырақ көтерген өнердегі бауыры Мырзахан Махановтың қуанышына қатысты пікір білдірді. Ол әншінің өткен өмірін сөз еткен желі қолданушыларына үн қатты, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Өнер иесінің айтуынша, Мырзахан Махановтың үйленгені туралы сүйінші хабарды жұртпен бөліскеннен кейін кейбір желі қолданушылары құттықтаудың орнына оның жеке өмірін талқылай бастаған. Бағлан Әбдірайымов әр адамның тағдыры әртүрлі болатынын айтып, өзгенің бақытына құрметпен қарауға шақырды.
«Бүгін Мырзаш бауырымыз шаңырақ көтерді. Елден сүйінші сұрап бөліскен қуанышымызға, өкінішке қарай, кейбір жандар жақсы тілек айтудың орнына өткенін қазбалап, өсекке айналдырып жатты. Адамның тағдыры әртүрлі. Бірақ бәріміздің де бақытты болуға хақымыз бар. Біреудің қуанышына қуанып, "Бақытты болыңдар!" деп ақ батасын беру ешкімді аласартпайды», – деп жазды әнші.
Сондай-ақ ол той барысында Роза мен Айдана жеңгелерінің келінді екі жағынан демеп, ақ жол тілегенін жеткізді. Әншінің сөзінше, бұл – қазақтың ізгі дәстүрінің көрінісі.
Айта кетейік, Мырзахан Махановтың үйлену тойы Бағлан Әбдірайымовтың өз шаңырағын көтерген күнімен тұспа-тұс келген. Өнер иесі отбасылық өміріне 16 жыл толғанын айтып, жас жұбайларға ұзақ ғұмыр мен баянды бақыт тіледі.