Қарағандыда «Диалекс» авто мектебінің оқу автодромында автонұсқаушыны ұрып кеткен. Полиция қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz ekaraganda.kz сайтына сілтеме жасап.
Автомектеп директоры Ирина Биллердің айтуынша, оқиға осыдан шамамен бір ай бұрын басталған. Келушілердің бірі нұсқаушы емес, қарапайым жүргізуші болған. Ол қызметкерлердің талаптарын үнемі елемей, аумақта жаяу жүріп, басқа адамдарға агрессивті мінез көрсеткен. Кезекті тәртіп бұзушылықтан кейін оған автодромға кіруге тыйым салынған.
1 тамызда әлгі ер адам қайтадан автодромға келген. Ол қара түсті Hyundai көлігімен, көлікке кіруге рұқсат алған қызбен және егде жастағы ер адаммен бірге келген. Көліктің әйнектері қатты күңгірттелгендіктен, қызметкерлер артқы орындықтағы жолаушыны байқамаған. Кейін ол көліктен түсіп, қайтадан аумақта жаяу жүре бастаған.
Оған автонұсқаушы Михаил Щербаков ескерту жасаған. Бұған жауап ретінде ер адам балағат сөздер айтқан. Әкімшілік мәселені бейбіт жолмен шешуге тағы жеті минуттай әрекет еткен: тәртіп бұзушыға маршрутты тыныш жүріп өту немесе ақшасын алып, кету ұсынылған. Алайда ол ұсыныстан бас тартып, оқу алаңдарын жаяу кесіп өте бастаған және көліктердің қозғалысына кедергі келтірген.
Щербаков кезекті курсантты ауыстырып, көлікті жүргізе бастаған кезде, ер адам оқу көлігіне қарай кенет жүгіріп барған. Нұсқаушы оны қағып кетпеу үшін шұғыл тежегішті басуға мәжбүр болған. Осыдан кейін шабуыл жасаған адам көліктің жолаушы есігін ашуға әрекеттенген. Онымен бірге келген қыз ер адамды ұстап қалуға тырысқанымен, ол телефонын қызға беріп, төбелес басталған.
«Михаил Витальевич олармен бірге келген егде жастағы ер адамға жағдайды түсіндіруге тырысты. Бірақ жас жігіт оған білдіртпей құлақ тұсына қатты соққы жасады. Содан кейін басынан бірнеше рет ұрды. Михаил Витальевич тепе-теңдігін жоғалтып, шегінуге тырысқан кезде аяғынан соққы алып, құлап қалды. Алайда ер адам жерде жатқаннан кейін де оны ұруын жалғастырды», – дейді автомектеп директоры.
Шабуыл жасаған адаммен бірге келгендер араласуға батпаған. Қызметкерлер дауыс зорайтқыш арқылы төбелесті тоқтатуды талап еткен, алайда ер адам олардың сөзіне құлақ аспаған. Оны тек автодромда агрессивті иттерден қорғану үшін сақталатын бұрышты газ баллонының көмегімен тоқтатқан. Оның өзінде баллон үшінші рет қолданылғанда ғана әсер еткен.
Оқиға орнына полиция мен жедел жәрдем шақырылды. Щербаковқа миы шайқалғаны, мұрынның ішкі бөлігінің сынғаны, көптеген дене жарақаттары мен гематомалар диагнозы қойылған. Ол ауруханаға жатудан бас тартып, емін үйде жалғастырып жатыр. Шабуылдан кейін нұсқаушының бір құлағында есту қабілетінің бұзылуы сақталған.
Автомектеп пен жәбірленушінің өзі полицияға арыз жазған. Автомектеп өкілдері бастапқыда оқиғаға тиісті процессуалдық баға берілмеген деп санайды. Биллердің айтуынша, істі номенклатураға жатқызып, жабуға тырысқан. Осыған байланысты автомектеп өкілдері оқиғаға қоғам назарын аударуды жөн көрген.
Қарағанды облысының полиция департаменті шабуыл фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
«Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық әрі объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттерінің кешені жүргізілуде. Тергеу қорытындысы бойынша оқиғаға қатысушылардың әрқайсысының әрекетіне Қазақстан Республикасының заңнамасы талаптарына сәйкес тиісті құқықтық баға беріледі. Кінәлі тұлғалар заңда белгіленген жауапкершілікке тартылады», – деп хабарлады Қарағанды облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.