Қазақстандық танымал эстрада әншісі Қайрат Нұртас Қызылордада өтетін концертінің кейінге шегерілгенін хабарлады, деп хабарлады Bairaqmedia.kz.
Әншінің Instagram парақшасындағы мәліметке сәйкес, 18 қазанға жоспарланған концерт 20 қазанға ауыстырылған. Бұған дейін сатып алынған билеттер жарамды болып қалады.
«Қызылорда, басқа күні кездесеміз! 18 қазанға жоспарланған концерт 20 қазанға ауыстырылады. Бұрын сатып алынған барлық билет жарамды. Түсіністік танытқандарыңызға рақмет! Кездескенше!» – деп жазды өнер иесі.
Еске салайық, 10 қазанда Шымкентте Қайрат Нұртастың концертіне кіреберісте адамдардың жаппай кептелісі болған еді. Қалалық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, медициналық көмекке сегіз адам жүгінген. Олардың жетеуі тексеруден кейін үйлеріне жіберілді, ал 18 жастағы қыз ауруханаға жатқызылды. Оның жағдайы біршама жақсарғанымен, тұрақты ауыр деп бағаланған.