$ 473.59
 544.68
 5.94

Қапшағайда сарбаз төртінші қабаттан секіріп кетті: Анасы ресми нұсқаға сенбейді

Редактор
04.08.2026, 09:03
коллаж: bairaqmedia.kz
коллаж: bairaqmedia.kz
Сарбаздың анасы ұлының төртінші қабаттан өз еркімен секіргеніне сенбейтінін айтқан

Қапшағайдағы №32363 десанттық-шабуылдау әскери бөлімінде мерзімді әскери қызметін өтеп жүрген сарбаздың ауыр жарақат алуына байланысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлады Вairaqmedia.kz.

Туыстарының айтуынша, сарбаз түнгі уақытта төртінші қабаттан құлаған. Ол аман қалғанымен, ауыр халде жансақтау бөліміне жеткізілген. Дәрігерлер оған бірнеше күрделі операция жасаған. Жақындарының мәліметінше, сарбаздың өкпесі зақымданып, көкбауыры алынған, ішегі тігілген, бүйрегіне зақым келген. Сондай-ақ қабырғасы мен жамбас сүйегі сынған.

Журналист Гүлмира Әбіқайға берген мәліметінде сарбаздың әпкесі Әсел оның ішкі ағзалары қатты зақымданғанын айтқан.

«Балаға операция жасалды. Өкпесі жараланып, көп қан кеткен. Жыртылған ішегі тігілді. Бүйрегіне соққы тиіп, ұйып қалған қан тазаланды. Сол жақ қабырғасы мен жамбасы сынған», – деген ол.

Туыстары сарбаздың мұндай ауыр жарақаттарды тек биіктіктен құлау салдарынан алуы мүмкін екеніне күмән келтіріп отыр. Олар оқиғаның барлық мән-жайы толық тексерілуін талап етеді.

Сарбаздың анасы да ұлының төртінші қабаттан өз еркімен секіргеніне сенбейтінін айтқан. Оның сөзінше, баласы әскердегі қызметі туралы үнемі жақсы пікір білдіріп, жақында парашютпен секіретінін қуанышпен айтқан.

Сарбаз — отбасындағы үш баланың үлкені. Қазір оның туған інісі де әскери борышын өтеп жүр.

Қорғаныс министрлігі оқиғаға байланысты Әскери-тергеу басқармасы қылмыстық іс қозғағанын хабарлады. Ведомство арнайы комиссия құрып, жағдайды бақылауға алғанын мәлімдеді.

Қазіргі уақытта сарбаз дәрігерлердің бақылауында. Оқиғаның нақты себептері тергеу нәтижесінде анықталады.

 

Соңғы жаңалықтар

Барлығын қарау