Экс-қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов өзінің қамауға алынғаны және уақытша ұстау изоляторына жеткізілгені туралы ақпаратты жоққа шығарды. Экс-министр бұл жөнінде Tengrinews.kz порталының бас редакторымен телефон арқылы сөйлесу кезінде мәлімдеді, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Бос сөз. Ең алдымен, ресми дереккөздерге сену керек. Мен қазір демалыстамын. Маған демалуға мүмкіндік берілді. Үш жарым жыл бойы демалысқа шыққан жоқпын. Өздеріңіз білесіздер, қызметтің талабы сондай, – деді Руслан Жақсылықов.
Министрдің айтуынша, ол қазір Астанада әйелі мен балаларының жанында.
Сондай-ақ, Жақсылықов құқық қорғау органдарына жүгінетінін де мәлімдеді.
Ар-намысыма және қадір-қасиетіме нұқсан келтіретін жалған ақпарат таратқандарды жауапқа тарту үшін құқық қорғау органдарына жүгінуге мәжбүрмін, – деді экс-министр.
Еске сала кетсек, бұған дейін БАҚ-та бұрынғы Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовтың қамауға алынғаны туралы хабар тараған болатын.