$ 469.59
 536.22
 5.96

«Ғимарат жалдаймыз, маман да тапшы»: Ерекше балаларды оңалту орталықтары көмек сұрайды

Редактор
22.07.2026, 12:30
Сурет ЖИ көмегімен жасалды
Сурет ЖИ көмегімен жасалды
Оңалту орталықтарына маман жетіспейді.

Қазақстанда инклюзивті білім беру туралы көп айтылады. Бірақ қағаздағы саясат пен өмірдегі шындықтың арасы әлі де алшақ, деп хабарлады Вairaqmedia.kz.

Ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың саны жыл сайын артып келеді. Алайда білім беру мен оңалту жүйесі бұл өсімге дайын емес. Соңғы уақытта мәселе қоғамдық деңгейде жиі көтеріліп жүр. Сарапшылар, қоғамдық ұйымдар мен саяси күштер мемлекеттік органдардың қатысуымен ашық талқылаулар өткізіп келеді. Онда ерекше балаларды тәрбиелеп отырған отбасылардың мәселелері, инклюзивті білім беру мен оңалту жүйесіндегі түйткілдер талқыланды.

Бүгінде түзету орталықтары шамадан тыс жүктелген. Дефектолог, логопед және педагог-ассистент жетіспейді. Төмен жалақының салдарынан мамандар мемлекеттік мекемелерден жекеменшік секторға ауысуда. Ал өңірлерде сапалы оңалту орталықтарының тапшылығы тіпті өткір сезіледі.

Инклюзия көбіне формалды сипатта қалып отыр. Мектепте пандус болғанымен, арнайы бағдарлама, әдістеме мен білікті маман жоқ. Соның салдарынан ерекше балалардың сапалы білім алу мүмкіндігі әлі де шектеулі.

«BALA» түзету орталығының жетекшісі Азамат Бахтыбековтің айтуынша, әлеуметтік кәсіпкерлер мемлекеттік қолдаудың жеткіліксіздігін сезініп отыр.

«Ғимарат жалдаймыз, жоғары салық төлейміз. Әлеуметтік кәсіпкер болғанымызбен, нақты қолдау жоқ. Ал көмекке мұқтаж балалар саны күн сайын көбейіп жатыр», – дейді ол.

Ата-аналардың қиындығы мұнымен бітпейді. ПМПК-дан өту үшін айлап кезек күтеді. Мемлекеттік орталықтардағы орын тапшылығы оларды қымбат жеке оңалту орталықтарына жүгінуге мәжбүрлейді. Кейбір мектептер де «жағдай жоқ» деген желеумен балаларды үйден оқытуға итермелейді.

Аутизмі бар бес жасар қыздың анасы Қамшат қоғамның көзқарасы әлі өзгермегенін айтады.

«Ең ауыры – диагноз емес, адамдардың түсінбеуі. Қоғам бізді қабылдауға дайын емес. Жәрдемақы жетпейді, ал жеке мамандардың қызметі өте қымбат», – дейді ол.

Қоғамның көзқарасын өзгертуге бағытталған бастамалар да қолға алына бастады. Қазақстандағы аутизм қауымдастығы Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясымен бірлесіп қоғамдық көліктерге арнайы ақпараттық постерлер іліп жүр. Танымдық парақшалар жолаушыларды ерекше балалардың мінез-құлқын түсіністікпен қабылдауға үндейді. Бастаманың мақсаты да сол - елдің ерекше балаларға деген көзқарасын өзгертіп, олардың қоғамға бейімделуіне жағдай жасауына жәрдемдесу. Осындай шараларды қоғам болып қолдап жіберген дұрыс. 

Айта кету керек, ең күрделі мәселе – бұл балалардың болашағы. Қазақстанда менталдық ерекшелігі бар ересектерді кәсіптік оқыту мен жұмыспен қамтудың жүйелі тетігі әлі қалыптаспаған. Соның салдарынан олар есейген соң қоғамнан оқшауланып, төрт қабырғада қалып қояды.

Әлеуметтік кәсіпкерлерге нақты жеңілдіктер берілмей, жәрдемақылар көбеймей, маман тапшылығы шешілмей және қоғамның көзқарасы өзгермей, инклюзия қағаздағы ұран күйінде қала береді.

Соңғы жаңалықтар

Барлығын қарау