Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үш ірі автожол жобасының құрылысына ресми түрде старт берді, деп хабарлады Вairaqmedia.kz.
Олар – Қызылорда – Сексеуіл, Ұлғайсын – Сексеуіл және Бейнеу – Сексеуіл бағыттары. Жаңа магистральдар өңірлер арасындағы көлік қатынасын жақсартып, Қытай мен Еуропаны байланыстыратын халықаралық көлік дәлізінің маңызды бөлігіне айналады.

Ең ауқымды жоба – ұзындығы шамамен 800 шақырымды құрайтын Бейнеу – Сексеуіл автожолы. Мемлекет басшысының айтуынша, бұл жол Қытаймен шекарадағы өткізу бекеттерін Ақтау және Құрық теңіз порттарымен тікелей байланыстырады.
– Нәтижесінде Қытайдан Еуропаға жүк тасымалының қашықтығы 1 мың шақырымға қысқарып, жеткізу мерзімі үш күнге дейін азаяды. Бейнеу – Сексеуіл автожолы республикалық, өңірлік және құрлықаралық маңызы бар негізгі көлік артериясына айналады. Сондықтан бұл бағытқа «Арал – Каспий магистралі» атауы өте лайық, – деді Президент.
Сонымен қатар, жалпы ұзындығы 774 шақырымды құрайтын Қызылорда – Сексеуіл және Ұлғайсын – Сексеуіл автожолдары қайта жаңғыртылады.
Жобаларды жүзеге асыруға қазақстандық компаниялар тартылады. Бұл 10 мыңнан астам жаңа жұмыс орнынашуға мүмкіндік береді.
Жолдар пайдалануға берілгеннен кейін жүк тасымалының көлемі 2,5 есеге артып, жылына 13,2 миллион тоннаға дейін жетеді деп күтілуде.
Президенттің айтуынша, негізгі мақсат – Қазақстанды Еуропа мен Азияны байланыстыратын жетекші логистикалық хабтардың біріне айналдыру.
– Біздің басты мақсатымыз – елімізді Еуропа мен Азияны байланыстыратын жетекші логистикалық торапқа айналдыру. Қазақстандағы автомобиль тасымалынан түсетін табыс теміржол саласының көрсеткіштерімен теңесті. Сондықтан ендігі міндет – тек жол салу емес, заманауи цифрлық экожүйе қалыптастыру. Арал маңының игерілмеген даласы арқылы өтетін бұл жолдар бұрын тұйық болған бағыттарды Еуразияның негізгі көлік дәліздерінің маңызды торабына айналдырады. Бүгін басталған барлық жобалар 2029 жылдан кешіктірілмей аяқталуы тиіс, – деді Мемлекет басшысы.

Телекөпір барысында Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы бес жылда Қазақстандағы автомобильмен жүк тасымалының көлемі екі есеге артқанын айтты.
Сондай-ақ Президенттің сөзінше, 2027 жылы елдің мемлекеттік шекарасындағы автомобиль өткізу бекеттері толық жаңғыртылады. Бұл – тәуелсіздік жылдарындағы ең ауқымды жаңғырту жобаларының бірі болмақ.