Спорт

«Чемпиондарды дайындауға жағдай жоқ»: Министрлік Михаил Шайдоровтың мәлімдемесіне жауап берді

17:37, 13 сәуір 2025 99

Мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионатының күміс жүлдегері Михаил Шайдоровтың дайындық жағдайына қатысты мәлімдемесінен кейін Туризм және спорт министрлігі ресми түрде түсініктеме берді, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.

Министрлік отандық жетекші спортшының бірі — Михаил Шайдоровтың жарыстарға дайындалуға тиісті жағдайдың болмауына қатысты жағдайдан хабардар. Бұл жағдай Мемлекет басшысының спорт саласындағы вертикальді басқаруды қалпына келтіру жөніндегі тапсырмасының орынды әрі дер кезінде берілгенін тағы бір мәрте дәлелдейді. Аталған реформаның негізгі бағыттарының бірі — жоғары жетістіктер спортына арналған спорт нысандарын жергілікті атқарушы органдардан Министрлік қарамағына беру. Министрлік ұлттық құраманы Олимпиадаға дайындау жоспарын бекітті. Осы жоспар аясында медаль алуға үміткер спортшыларды анықтады. Олардың әрқайсысына, соның ішінде Михаил Шайдоровқа да, жауапты құрылымдарға нақты міндеттер жүктелді, – делінген хабарламада.

Жоспарға сәйкес жауапты құрылымдардың міндеттері белгіленген:

  • Спортты дамыту дирекциясы (СДД): Жеке дайындық жоспарларының орындалуын бақылап, барлық тараптардың өзара іс-қимылын үйлестіреді.

  • Спорт федерациялары: Білікті жаттықтырушылар құрамын, халықаралық жиындар мен жарыс тәжірибесін қамтамасыз етеді.

  • Өңірлік әкімдіктер: Спортшыларға тұру, тамақтану және жаттығу үшін қажетті базалық жағдайлар жасайды.

  • Спорттық медицина және оңалту орталығы: Медициналық-биологиялық қолдау мен оңалту шараларын қамтамасыз етеді.

  • Ғылыми-әдістемелік сүйемелдеу: Дайындық бағдарламаларының тиімділігін бағалап, ұсыныстар береді.

Бұдан бөлек, спортшыларды дайындауға қатысы бар басқа да мекемелер жұмысқа тартылған. Министрлік әрбір спортшыға, оның ішінде Михаил Шайдоровқа да, тұрақты түрде қажетті қолдау көрсетілетінін атап өтті. Спортшының қай жерде тұратынына немесе тіркелген мекенжайына қарамастан, барлық жағдайлар қарастырылатын болады.

Айта кетсек, бұған дейін мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионатында күміс медаль жеңіп алған Михаил Шайдоров БАҚ-қа берген сұхбатында АҚШ, Жапония және Оңтүстік Кореяның жетекші спортшылары сияқты дайындық үшін жағдайы жоқ екенін айтқан болатын.

 

Біздің Telegram арнамызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp-қа жазыңыз.

Тағы да оқыңыз