Нью-Йоркте 44 жастағы ер адам Бруклин көпірінің мұнараларының біріне шығып, бірнеше ту ілген. New York Post басылымының мәліметінше, олардың арасында Қазақстанның туы да болған. Кейін ол киімін шешіп, Ист-Ривер өзеніне секірген, деп хабарлады Вairaqmedia.kz.
Оқиға 2 тамыз күні күндіз Манхэттен жағындағы көпір мұнарасында болған. Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері ер адамды төмен түсуге көндіруге тырысқанымен, ол олардың өтініштерін елемей, шамамен 85 метр биіктіктен суға секірген.
Полицияның порттық бөлім қызметкерлері ер адамды жедел түрде судан шығарып, Bellevue ауруханасына жеткізген. Америкалық БАҚ мәліметінше, ол аман қалған және жағдайы тұрақты.
New York Post мәліметіне сәйкес, көпірге бекітілген маталардың арасында Қазақстан туы болған. Сондай-ақ жазулары бар тағы бір ту немесе мата болған, алайда оның мазмұны әзірге анықталған жоқ.
Ер адамның жанынан құжаттар табылмаған. Оның жеке басы анықталғанымен, азаматтығы, бұл әрекетке бару себебі және Қазақстанмен байланысы ресми түрде жарияланбады.
Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.