БҚО-да алдағы төрт жылда су шаруашығы саласында 60 жоба жүзеге асады. Соның ішінде екі ірі су қоймасы салынады Бұл жайында облыс әкімдігінде 2024-2028 жылдарға арналған Су саласын дамыту жөніндегі кешенді жоспарды іске асыру туралы кеңесте мәлім болды, деп хабарлады Вairaqmedia.kz.
Облыс әкімі Нариман Төреғалиев төрағалық еткен осы іс-шараға облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары мен жауапты сала мамандары қатысы. Жиында облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Марат Молдашев, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Бейімбет Мусин, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Мирболат Нұржанов баяндама жасады.

Нариман Төреғалиұлы 2024-2028 жылдарға арналған Су саласын дамыту жөніндегі кешенді жоспардың іске асырылуын назарда ұстау қажет екенін айтты.
– Мемлекет басшысы су қауіпсіздігін қамтамасыз ету, су ресурстарын тиімді пайдалану, инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту және халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударып келеді. Осыған байланысты Үкіметпен бекітілген кешенді жоспар аясында өңірімізде іске асырылып жатқан барлық іс-шараның орындалу барысын жан-жақты талқылап, саладағы мәселелерді анықтап, оларды шешу бойынша нақты тапсырмалар беруіміз қажет, – деді өңір басшысы.
Одан кейін ҚР Су саласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарының облыс бойынша орындалуы туралы Марат Молдашев баяндама оқыды. Спикер сөзіне сүйенсек, бүгіндері облысымызда 160 гидротехникалық құрылым, оның ішінде су жинау сыйымдылығы 669 млн текше метрді құрайтын 39 су қоймасы (14 республикалық, 25 коммуналдық), жалпы ұзындығы 2038,16 шақырымды құрайтын 59 канал (55 республикалық, 4 коммуналдық) бар. Оған қоса 6 тоған, 1 бөгет, 4 гидроторап, 49 лиман және 2 насос стансасы жұмыс істейді.
ҚР Үкіметімен бекітілген Қазақстан Республикасы Су саласын дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарына сәйкес облыста жалпы саны 148 іс-шара жоспарланған.
Жоспар аясында ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігі 57 жобаны жүзеге асырады. Олар:
2 су қоймасын салу (Жалпақтал, Сексенбай);
7 су қоймасының реконструкциясы (Киров, Бітік, Дөңгелек, Пятимар, Шаған, Сарышығанақ, ЖҚССК бас су алу құрылымы);
11 каналдың реконструкциясы (Жәнібек, Көшім, Бударин, Первомай, Тайпақ, Фурман, Сәңкібай, Айдархан, Киров-Шежін, Жайықбай, Балықты Сакрыл-Сарыөзен қосу каналы);
1 су қоймасын күрделі жөндеу (Мамай);
17 лиманды суару жүйесінің реконструкциясы;
19 ГТҚ көпфакторлы зерттеу жүргізу.
Қазіргі таңда облыстағы барлық суарылған алқап көлемі 13 193 гектарды құрады, соның ішінде су үнемдеу технологияларын пайдалану арқылы 12 805 га, атап айтсақ жаңбырлатып – 11 181 га, тамшылатып – 1 624 га және басқа тәсілдермен 388 га алқап суарылды.
Өткен жылдармен салыстырғанда биыл су үнемдеу технологиясы арқылы суарылған алқаптың көлемі өсті. Соңғы үш жылда үнемдеу технологиясы арқылы суару көлемі 4 874 га ұлғайды. Суармалы алқаптарды ұлғайту жоспарына сәйкес 2030 жылға дейін бұл көрсеткішті 36 200 гектарға жеткізу межеленуде.
Қазірде Жалпақтал су қоймасы құрылысына қатысты ЖСҚ мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алды, жоба құны – 8,2 млрд теңге. ҚР Су ресурстары және ирригация министрілігі жоба құрылысына мердігерді анықтау үшін конкурстық рәсімдер жүргізуде. Сексенбай су қоймасы құрылысының техникалық-экономикалық негіздемесі дайындалды.
Тапсырыс беруші – ҚР Су ресурстары және ирригация министрлігінің Су шаруашылығы комитеті. Бес нысанда реконструкция және күрделі жөндеу жұмысы жүргізілді. «Қазсушар» РМК-ның облыстағы филиалы Киров су қоймасының реконструкциясы және Мамай гидроторабын жөндеу жұмысын аяқтады. Сондай-ақ Бәйтерек ауданының Чиров, Тасқала ауданының Аяқ және Жәнібек ауданының Жақсыбай ауылдары тұсындағы су қоймаларының реконструкциясы аяқталды. Бүгінде 3 каналды жаңғырту жұмысы жүруде. Бұл жобалардың жалпы құны – 11 млрд теңге.
«Қазсушар» РМК Батыс Қазақстан филиалымен «Жәнібек магистралды каналының реконструкциясы» жобасы іске асырылуда. Жоба құны – 4,6 млрд теңге, 2025 жылы 1,2 млрд теңге игерілді. Сондай-ақ Тасқаладағы Жайықбай каналын реконструкциялау басталды. Жоба құны – 1,7 млрд теңге. Жергілікті және республикалық бюджет, Ұлттық қор қаражаттары есебінен ұзындығы 95 шақырым болатын «Жайық-Шалқар» каналы реконструкциялануда. Жобаның жалпы құны – 4,7 млрд теңге. 3 каналды реконструкциялау бойынша жобалық-сметалық құжаттама дайын. Олардың құны – 9,6 млрд теңге. Тайпақ, Айдархан, Сәңкібай каналдарын қайта құру жобасына мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы берілді. Жоба құнына тоқталсақ, Тайпақ каналы – 5,3 млрд теңге, Айдархан – 1,8 млрд теңге, Сәңкібай – 2,471 млрд теңгені құрайды. Қазірде Көшім, Бударин, Первомай, Фурман каналдары реконструкциялауға қатысты ЖСҚ мемлекеттік сараптамадан өтуде.
Жайық-Көшім суару-суландыру жүйесінің Көшім каналы (22 км) мен Шаған арнасын (46,8 мқ) механикалық тазарту жобасы бойынша бүгінге дейін 1,3 млрд теңге игерілді. Тасқала ауылындағы Деркөл өзенін (7 км) кеңейту, арнасын тазарту және түбін тереңдету жұмысы жүргізілуде. Биыл республикалық бюджеттен 435 млн теңге бөлінді.
2025 жылы облыс әкімдігінің коммуналдық меншігінен 35 канал (705,7 шқ) мен 17 лиманды суару учаскесі (51,3 мың га) республикалық меншікке Кәсіпорын теңгеріміне табысталды. Қазіргі уақытта коммуналдық меншіктен Барбастау өзені бойындағы 4 су қоймасын (Покатиловка, Ұзынкөл, Жаңаөмір, Кемер) республикалық меншікке табыстау үшін келісім жүргізілуде. Су қоймаларына қоса оларды қайта құру бойынша 4 жобалық-сметалық құжаттама да табысталатын болады. Жалпы құны – 4,3 млрд теңге.
Қазіргі таңда Батыс Қазақстан облысында 79 су нысаны бойынша 90 елді мекенде жалпы ұзындығы 181 шақырым болатын су қорғау аймақтары мен белдеулері белгіленді. 2026 жылы жергілікті бюджеттен 37 су қорғау аймағы мен белдеуін белгілеуге 47,5 млн теңге бөлінді. Қазіргі уақытта тиісті құжаттар әзірленуде.
Батыс Қазақстан облысы бойынша 2024-2028 жылдарға арналған Су саласын дамыту жөніндегі кешенді жоспар іс-шараларының орындалуы бойынша жалпы саны 148 іс-шара қарастырылған. Бүгінгі күнге дейін 59 іс-шара орындалды (Су ресурстары комитеті – 9, ЖАО – 50), 38 іс-шара орындалу үстінде.
Содан соң облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Б. Мусин Су шаруашылығын дамыту бойынша баяндама жасады. Оның айтуынша, Үкімет қаулысымен бекітілген жол картасына сәйкес өңірімізде 2026 және 2029 жылдар аралығында 153 шақырым болатын су және су бұрумен жабдықтау желілеріне жөндеу жүргізілмек. Бүгінде сумен жабдықтау және су бұру саласында «Батыс су арнасы» ЖШС жалпы құны 5,8 млрд теңгені құрайтын 4 жобаны іске асыруда. Оның аясында 2 су сорғы стансасы, 2 кәріз сорғы стансасы қайта жаңғыртылып, 5 су ұңғымасы бұрғылануда.
– Бүгінгі күні құрылыс-монтаж жұмысының орындалуы – 65%. Барлық нысанды жылыту маусымы басталғанға дейін пайдалануға беру жоспарланған. Нәтижесінде Орал қаласының тәуліктік су өндіру қуаты 18 мың м³-ге артып, кәріз сорғы стансаларының өткізу қабілеті тәулігіне 51 мың м³-ге дейін ұлғаяды. Бұдан бөлек, 2026–2027 жылдары жалпы құны 26,2 млрд теңгені құрайтын 8 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Оның ішінде Ақсай қаласындағы 4 жоба бойынша құрылыс-монтаж жұмысы осы жылы басталады, ал Орал қаласындағы 4 жоба келісу сатысында тұр. Бұл жобалар аясында барлығы 130 шақырымнан астам су құбыры және кәріз желілері жаңғыртылады. Жобаларды іске асыру нәтижесінде 2029 жылға қарай су құбыры желілерінің тозуы 60,4%-дан 43%-ға дейін, ал кәріз желілерінің тозуы 61,2%-дан 48%-ға дейін төмендейді.
2025 жылдың қорытындысы бойынша су беру көлемі 13 861,97 мың текше метрге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 98,75 мың текше метрге немесе 0,7%-ға артты. Оның ішінде халыққа су беру көлемі 10 903,52 мың текше метрді, бюджеттік ұйымдарға – 811,18 мың текше метрді, ал өзге тұтынушыларға – 2 147,13 мың текше метрді құрады. Су көлемі тұтынуын азайту мақсатында 2026 жылғы шілде айында Су ресурстарын қорғау және пайдалануды реттеу жөніндегі Жайық-Каспий бассейндік су инспекциясы ірі су тұтынушыларға айналымды сумен жабдықтау жүйесін енгізу және пайдалану қажеттілігі туралы тиісті нұсқамалар жолдады. Бүгінгі күні «Батыс су арнасы» ЖШС тиісті жұмыс жүргізілуде, – деді басқарма башысы Б. Мусин.
Облыс әкімі Н. Төреғалиев аталған кешенді жоспардың әр тармағы белгіленген мерзімде әрі сапалы орындалуы тиіс екенін айтты. Кеңес қорытындысында жауапты мекемелерге бірқатар нақты тапсырма жүктелді.
Атап айтқанда, су саласын дамыту жөніндегі кешенді жоспардың орындалуын бақылау, «Барбастау өзеніндегі су қоймалары каскадын толықтыруға арналған сорғы стансасының құрылысы» жобасының жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеу мен сараптамадан өткізу, сондай-ақ Раздольное ауылы маңындағы Рубежка өзеніндегі су қоймасын реконструкциялау жобасы бойынша конкурстық рәсімдерді бастау тапсырылды. Сонымен қатар аталған жобаларды қаржыландыруды қамтамасыз ету және олардың сапалы орындалуын бақылау міндеті жауапты басқармалар мен облыс әкімінің салаға жетекшілік ететін орынбасарларына жүктелді.