Қарағанды облысының Балқаш қаласында кәмелетке толмаған апалы-сіңлілі екі қызға қатысты жыныстық зорлық-зомбылық жасалды деген күдікпен алты адам ұсталды. Жасөспірімдердің әкесі қыздарын қорқытып, бопсалап, жыныстық қанауға мәжбүрлегенін мәлімдеді, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz.
Қыздардың әкесінің айтуынша, оқиға биыл маусым айында басталған. Алдымен жасөспірімдермен өздерінен үлкен қыз танысып, дәмханаға шақырып, сыйлықтар беру арқылы сеніміне кірген. Кейін оларды өзге адамдармен таныстырған. Ер адамның сөзінше, қыздары жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған. Күдіктілер болған жағдайды видеоға түсіріп, жазбаны жариялаймыз деп қорқыту арқылы жасөспірімдерді басқа ер адамдармен кездесуге мәжбүрлеген. Қарсылық көрсеткен жағдайда күш қолданған. Қарағанды облыстық Полиция департаменті аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын растады.
«16 қарашада Балқаш қаласының 55 жастағы тұрғыны полицияға қыздарына қатысты жасалған заңсыз әрекеттер туралы арызбен жүгінді. Жедел-іздестіру шаралары барысында күдіктілер анықталып, ұсталды. Олардың барлығы уақытша ұстау изоляторына қамалды», – деп хабарлады полиция.
Ресми мәлімет бойынша, құқыққа қайшы әрекеттер әртүрлі уақытта және әртүрлі жерде жасалған. Тергеуге тәжірибелі қызметкерлер тартылып, іс облыстық Полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауына алынған. Қыздардың туыстары қылмысқа басқа да адамдардың қатысы болуы мүмкін екенін алға тартады. Алайда бұл мәліметті полиция әзірге растаған жоқ.