Алматыдағы «Атакент» көрме кешенінің маңындағы саябақта спорттық жаттығуда жүрген бір топ балаға шабуыл жасалды. Оқиға туралы зардап шеккен оқушылардың бірінің анасы әлеуметтік желіде жазды, деп хабарлады Bairaqmedia.kz.
Әйелдің айтуынша, таңғы сағат 08:00 шамасында белгісіз ер адам балаларға агрессия танытып, араздықты қоздыратын балағат сөздер айтып, оларды өлтіремін деп қорқытып, соққы жасауға әрекеттенген.
Қыз балалардың бірі жалтарып үлгергенімен, 10 жастағы ұл баланы ер адам жұдырықпен бетінен ұрып, соның салдарынан оның көзінің асты көгеріп қалған.
«Ол балаларды бауыздап тастаймын деп қорқытты. Егер шынымен қолында пышақ болғанда, салдары қайғылы болуы мүмкін еді. Менің баламның және басқа балалардың өміріне қауіп төнді», – деп жазды зардап шеккен баланың анасы.
Оқиғаға куә болғандардың қатарында Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Бітімгерлік даярлық орталығының (KAZCENT) әскери қызметшілері – подполковник Батыр Туяков, майор Медет Махметов және капитан Данияр Баймұлдин болған.
Офицерлер жағдайға жедел араласып, шабуыл жасаған ер адамды қуып жетіп, ұстап, кейін полиция шақырып, оны құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне тапсырған.
Зардап шеккен баланың ата-анасы әскери қызметшілерге батылдығы мен жедел әрекет еткені үшін шынайы алғыс білдірді. Сондай-ақ олар істің тергелуіне қоғам назарын аударып, ұсталған азаматтың заң аясында қатаң жауапқа тартылуын талап етті.