«Асар-Уме» қайырымдылық қоры Перизат Қайраттың шотына 200 миллион теңге аударған. Бұл туралы Астанада қайырымдылыққа бөлінген миллиардтарды жымқырды деген Перизат Қайраттың ісіне байланысты сот отырысы барысында белгілі болды, деп хабарлайды bairaqmedia.kz. Сотта Газа халқына гуманитарлық көмек көрсетуге қатысты эпизод қаралуда. Істе жәбірленуші ретінде танылған ның президенті Асхат Нұрмашев сотта екі тараптың арасындағы әріптестікке байланысты жайттарды баяндады.
Тағы оқыңыз: Перизат Қайрат Бауыржан Байбекті де жауапқа тартуды талап етті
Асхат Нұрмашевтың айтуынша, бұл бастама 2023 жылдың қарашасында, яғни Таяу Шығыстағы жағдай ушыға түскеннен кейін пайда болған. Сол кезде әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында Перизат Қайрат басқаратын қордың Палестина елшілігімен әріптестік орнатқаны және Абу-Дабидегі халықаралық гуманитарлық хабқа қол жеткізе алатыны туралы ақпарат тараған. Кейін бұл мәліметті Перизат Қайраттың өзі «Асар-Уме» өкілдерімен кездесуде растаған.
«Біз Абу-Дабиге бірге бардық. Халықаралық гуманитарлық жүк тиелетін қойманы аралап көрдік. Бұл – Алматыдағы қойма емес, оған аккредитациясыз кіру мүмкін емес. Бізге бұрын сатып алынған жүктердің сол жерде тұрғанын көрсетті», – деді Нұрмашев сот отырысында.
Алайда оның айтуынша, бұл жүктің барын растайтын ешқандай ресми құжат ұсынылмаған. Барлық ақпарат тек Перизат Қайраттың сөзіне негізделген.
Тағы оқыңыз: Перизат Қайрат ісі: сот отырысында Геннадий Головкиннің аты аталды
Нұрмашевтың мәліметінше, Абу-Дабиге сапардан және Астанада БАӘ мен Палестина елшіліктері ұйымдастырған шараларға қатысқаннан кейін, оның қоры Газа секторына арнап қаражат жинауды бастаған. Бар болғаны бес күннің ішінде қазақстандықтар 293 миллион теңге қайырымдылық жасаған.
«Біз бұл соманы траншпен, яғни әр жолы 50 миллион теңгеден аударуды жоспарладық. Бірақ Перизат барлық ақшаны бірден аударуды талап етті. Ақылдаса келе, біз 200 миллион теңгені жібердік. Қалған 93 миллион теңге тек есеп-қисап ұсынылғаннан кейін аударылады деп келістік», – деді жәбірленуші тарап.
Оның айтуынша, екі қор арасында қайырымдылық бағытындағы әріптестік туралы келісім жасалған. Алайда, қаржы аударылған кезде де, одан кейін де ешқандай есеп берілмеген.
Прокурордың «Абу-Дабидегі қоймадан «BizBirgemiz» қорының логотипі бар жүк қораптарын көрдіңіз бе?» деген сұрағына Нұрмашев теріс жауап берді. Ол сондай-ақ, ол жерден Перизат Қайраттан басқа қор өкілдерін көрмегенін атап өтті.
«Перизат Қайрат сатып алды деген тауарларға қатысты да бірде-бір құжат ұсынылған жоқ. Барлығы тек оның сөзіне сүйеніп жүзеге асты», – деп қосты ол.
Тағы оқыңыз: Перизат Қайраттың жоғары білімі жоқ болып шықты
Нұрмашевтың сөзінше, Абу-Дабиге сапар шығындарын Перизат Қайраттың өзі көтерген.
Ол қор тарапынан ұсынылған барлық құжаттың жалған болып шыққанын кейін білгенін айтты.