Қоғам

Перизат Қайрат ісі: сот отырысында Геннадий Головкиннің аты аталды

18:00, 14 шілде 2025 16

Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында Перизат Қайратқа қатысты қылмыстық іс қаралып жатыр. Негізгі куәгерлердің бірі – кәсіпкер, MMG Development компаниясының басшысы Мөлдір Сүйіншәлі сотта куәлік берді, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.

Ол қайырымдылық кешіне қалай қатысқанын және кейін зардап шеккен тарапқа қалай айналғанын айтып берді.

Әйелдің айтуынша, 2021 жылы Перизат Қайрат Instagram желісі арқылы байланысқа шығып, оны Sheraton қонақүйінде өтетін қайырымдылық іс-шарасына шақырған. Кешке бизнес және саясат өкілдері қатысқан. Ақша жинаудың мақсаты – балаларға арналған оңалту орталығын салу деп жарияланған.

«Мені кәсіпкер ретінде шақырды. Перизатпен жазысқан хатымызда жиналған қаржы ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған орталық салуға жұмсалатыны көрсетілген», – деп түсіндірді Мөлдір Сүйіншәлі.

Тағы оқыңыз: Перизат Қайрат Бауыржан Байбекті де жауапқа тартуды талап етті

Аукцион аясында ол Геннадий Головкиннің бокс қолғабын 10 миллион теңгеге сатып алған. Бұл қаражат оның компаниясы атынан «BizBirgemiz Kazakhstan» қорына ресми түрде аударылған.

«Ол кезде біз бұл істі игі әрі мемлекеттік деңгейдегі бастама деп ойладық. Қаражатты ресми түрде аудардық. Перизаттың ниетінің адалдығына күмән болған жоқ. Алайда біраз уақыт өткен соң сұрақтар туа бастады: орталық салынды ма, ақша өз мақсатына жетті ме? Жобаның тағдыры жайлы ешқандай ақпарат ала алмадым. Тергеуге дейінгі кезеңде 10 миллион теңгені қайтару туралы азаматтық талап арыз бердім. Егер бұл қаражат орталық салуға жұмсалған болса, менде шағым болмас еді. Бірақ егер ол қаражат қорға жетпесе, онда қаражатты қайтаруды әділетті деп есептеймін», – деді ол сотта.

Сондай-ақ ол Перизат Қайратқа жеке қажеттіліктері үшін 14 миллион теңге қарызға ақша бергенін мәлімдеді.

Жәбірленушінің айтуынша, бұл қарыз бір жыл бойы қайтарылмаған, кейін ол жеке талап арыз түсіріп, сот шешімімен қаражатты қайтарып алған.

Тағы оқыңыз: Перизат Қайраттың жоғары білімі жоқ болып шықты

Қорғау тарапы жәбірленушінің әрекеттері жеке өшпенділік сипатта емес пе деген сұрақ қойды.

«Менде жеке реніш жоқ. Мен кәсіпкермін, көмектескім келді. Енді тек өз ақшамды қайтарғым келеді», – деп жауап берді Мөлдір Сүйіншәлі.

Айта кетейік, бүгін судья БАҚ өкілдерінің сот залына қатысуына тыйым салды. Сондай-ақ Перизат Қайраттың жоғары білімі жоқ екені анықталды.

Біздің Telegram арнамызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp-қа жазыңыз.

Тағы да оқыңыз