Қазақ-орыс халықаралық университеті 350 студенттің жүзге жуығын оқу ақысын төлемегені үшін шығарып жіберген. Ал, қалғандарын сабаққа келмегені үшін жазалапты деп хабарлайды bairaqmedia.kz
Енді студенттер мен ата-аналары оқу жылының аяқталуына санаулы ай қалғанда не істерін білмей дал.
"Ескертусіз, дымсыз оқудан шығарып жіберді. Біз оны бір жеті бұрын естідік. Бір жеті бұрын келгенмін негізі. Сол әне кел, бүгін кел, ертең кел, апа, мен сізге нақты хабарын беремін деп мені бір жетіге созды. Осы жылды аяқтауға мүмкіндік берсін. Обал ғой қаншама ата-ана, қаншама оқушы. Осы жылды аяқтауға мүмкіндік берсін", - деді Ақтөбе қаласының тұрғыны Динара Бекмурзина.
Сандалған ата-аналар мен студенттер сессияны аяқтауға мүмкіндік беруді талап етіп отыр. Әрі қарай көбісінің осында оқығысы да келмейді екен.
Ректор бұйрығында 91 студенттің оқу ақшасын төлемегені айтылған. Ал, қалған 259 студент сабаққа жөнді қатыспады делінген. Осы мәселемен өңірдегі әкімдік пен министрлік те айналысып жатыр. Бұйрық шығарған ректор қазір жұмыс орнында жоқ. Ол бәрін шетелден бақылайды екен. Онымен университет өкілдері де жөнді байланысқа шыға алмайтын көрінеді.
"Дистанционно дегенде міндетті түрде университетке байланыста болу керек. Келіп көріну керек. Яғни, студенттер университетпен ешқандай байланыста болмаған. Ақпаннан бастап осы уақытқа дейін тексеру ректор жүргізді. Соның нәтижесінде шыққан. Біздің қолымыздағы зат емес. Ректордың бұйрығымен шығарылып отыр. Қазіргі таңда біз ректордан хабар күтудеміз", - деп жауап берді Қазақ-орыс халықаралық университетінің қызметкері.