Аймақ

Ақтөбе облысындағы Шалқар-Бозой-Нүкіс тас жолының құрылысы неге созылып кетті?

13:06, 13 маусым 2025 38

Ақтөбе облысындағы Шалқардан Бозой мен Нүкіске дейінгі жолды күрделі жөндеу бойынша жұмыстың кестеден кешігуіне құрылыс материалының тапшылығы себеп болған, деп хабарлайды bairaqmedia.kz

Күрежолды күрделі жөндеу жұмысын 2023 жылы «Tolagai-2050» ЖШС жеңіп алған. Алайда, құрылыс барысында компания кедергілерге тап болыпты.

Атап айтқанда жол жөндеуге қажетті құрылыс материалдары болмаған. Ал жобада көрсетілген құм тас алатын карьердің жер қойнауын пайдалану туралы рұқсат қағазының мерзімі өтіп кеткен екен. Сол себепті жоба кестеден кешеуілдеген. Айта кетерлігі, құм-қиыршықтас қоспасы - асфальттың астына төселетін негізгі материал.

Жақын жердегі карьерден материал алу мүмкін болмады. Биыл сәуірден бастап мәселені шешіп, жол құрылысына қайта кірістік. Қазір қоспаны 200 шақырым жердегі карьерден, яғни, Мұғалжардан тасып жатырмыз. Алдағы уақытта өиыршық тасты одан да қашық жерден вагонмен алдыратын болдық. Қазір жұмыс бір жолға түсті, техникамыз сай, жұмысшыларымыз бар. Күзге дейін бізге жүктелген жұмысты толыққанды аяқтаймыз, - деді «Tolagai-2050» ЖШС атқарушы директоры Оралбай Өкшебаев.

Компанияның құм-қиыршықтас қоспасын вагонмен тасуына жергілікті тұрғындардың наразылығы себеп болған. Яғни, жұрт ауыр материал тиелген жүк көліктері жолды езіп тастайды деп шағымданыпты. 

Қазір құрылысшылар мұндағы 7 жарым шақырымды асфальтқа дайындап қойған. Енді мердігер нысан басына жылжымалы асфальт зауытын әкелуді жоспарлап отыр.

Құрылыс басында 20 шақты техника мен 19 адам қарқынды жұмыс істеп жатыр. Айта кетерлігі, жол жөндеу жұмыстарына тек жергілікті тұрғындар жұмылдырылған. 2023-2024 жылдар аралығында жол құрылысына бөлінген қаражаттың шамамен 430 млн теңгесі игеріліпті.

Еске салайық, Шалқар-Бозой-Нүкіс тас жолындағы жұмыстың уақытылы бітпегені туралы ақпарат EGOVPRESS парақшасында пайда болған еді. 

Біздің Telegram арнамызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp-қа жазыңыз.

Тағы да оқыңыз