Қоғам

Ақтөбе облысында екі «жайлы мектеп» ашылды

12:21, 01 сәуір 2025 30

Олардың бірі – Ақжар-2 елдімекенінде, екіншісі – Есет батыр тұрғын алабында орналасқан. Жуырда өңір басшысы Асхат Шахаров жаңа «жайлы мектептердің» жай-күйімен танысып қайтты деп хабарлайды bairaqmedia.kz

 

Ақжардағы жаңа №79 жалпы білім беретін орта мектеп 300 орынға шақталған. Білім ордасы заманауи оқу кабинеттері, зертханалармен және IT құзыреттілікті дамыту үшін арнайы аймақтармен жабдықталған. Мұнда екі компьютерлік кабинет және робототехника сыныбы, STEM-зертхана, шеберханалар, заманауи кітапхана, оқу залы, жайлы коворкинг алаңдары мен қозғалыссыз және белсенді ойындарға арналған жабдықталған алаңдар, сондай-ақ спорт және акт залдары бар. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға жағдай жасауға да көңіл бөлінген.

 Төртінші тоқсанға 325 бала қабылданды, оқыту екі ауысымда жүргізіледі.

 

Облыс әкімі оқушылардың ата-аналарымен кездесуде осындай заманауи мектептердің құрылысы өңірдегі білім беру сапасын жақсартудағы маңызды қадам екенін атап өтті.

 «Президент тапсырмасы аясында біз білім беру инфрақұрылымын белсенді дамытып жатырмыз. Жайлы мектептер – бұл жаңа ғимараттар ғана емес, балаларымыздың дамуына барлық жағдай жасалған заманауи білім беру орталықтары. Оқушыларға сәттілік тілеймін, осындай жайлы және заманауи орта ұсынған барлық мүмкіндікті тиімді пайдаланғандары жөн. Биыл облысымызда 11 400 оқушыға арналған тағы 13 жаңа жайлы мектеп ашылады. Әрбір оқу орны ең жоғары стандарттарға сай болуы үшін біз осы бағытта одан әрі жұмыс істейміз», - деп атап өтті облыс әкімі.

 

Есет батырда бой көтерген 2000 орындық №82 жалпы білім беретін орта мектеп те заманауи жабдықтармен қамтамасыз етіліп, әртүрлі жастағы оқушыларға бейімделген.  Мұнда 55 оқу кабинеті бар, оның ішінде 28 бастауыш сынып кабинеті, 7 мектепалды даярлық сыныбы, сондай-ақ химия, физика, биология кабинеттері, ағылшын тілі, IT, робототехника және STEM зертханалары қарастырылған. Оқу блоктары ғылым, технология, инженерия және математика пәндерін тереңдетіп оқытуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, 440 балаға арналған асхана да жұмыс істейді.

 

Оқу кабинеттерінен бөлек, мектеп заманауи кітапхана, оқу залы, коворкинг-аймақтар және балалардың белсенді демалуына арналған ойын алаңдарымен жабдықталған. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін арнайы кабинеттер мен қолжетімді орта жасалды.

 

 

Біздің Telegram арнамызға жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp-қа жазыңыз.

Тағы да оқыңыз