Қазақстанның АҚШ-тағы елшілігі Америка Құрама Штаттары шекара қауіпсіздігін нығайту және заңсыз миграцияны азайту мақсатында миграциялық саясатын барынша қатаңдатқанына байланысты ескерту жасады, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Елшілік өкілдері шекара қауіпсіздігін нығайтуға және заңсыз миграцияны азайтуға бағытталған шаралар елге заңсыз келген шетелдіктерге (визасыз келген және тұрақты тұруға рұқсаты жоқ азаматтар) және АҚШ-та заңсыз жүрген мигранттарға қатысты болып отырғанына назар аударды.
Қамауға алу және елден шығару сынды мәжбүрлеу шараларымен қатар, АҚШ-қа қайта кіруге шектеулер енгізіліп, сондай-ақ әлеуметтік көмек, жұмыс істеуге рұқсат беретін құжаттар мен басқа да әлеуметтік жеңілдіктерді жою қарастырылып жатыр. АҚШ билігі заңсыз негізде жүрген шетелдіктерге (құжаты жоқ, жарамсыз виза мен тұрақты тұруға рұқсаты (Грин Карта) және басқа құжаттар болмауы) елден өз еркімен кетуге мүмкіндік беріп отыр, – делінген хабарламада.
Бұл ретте аталған шара Қазақстан азаматтарының депортацияға ұшырау қаупін азайтуға және оның салдарынан болашақта АҚШ визасына өтініш бергенде ел аумағына кіруге тыйым салынуынан сақтануға көмектесетіні атап өтілді.