Алматы гуманитарлық-экономикалық университетінде халықаралық жарыстарда жоғары нәтиже көрсеткен спортшыларға ректор грантын табыстау рәсімі өтті, деп хабарлады Вairaqmedia.kz.
Университет құрылтайшысы София Арғынқызы Суюбаеваның қолдауымен Бакуде өткен дзюдодан әлем чемпионатының күміс жүлдегері Шерзод Давлатовқа және 2026 жылғы Азия ойындарының құзға өрмелеуден қола жүлдегері Дамир Тоқтаровқа ректор гранты табысталды. Екі спортшы да Алматы гуманитарлық-экономикалық университетінің бакалавриат деңгейіндегі 6В01422 (ІР) – «Дене шынықтыру және спорт» білім беру бағдарламасы бойынша білім алады.
Шерзод Давлатовтың әлем чемпионатындағы күміс жүлдесі мен Дамир Тоқтаровтың Азия ойындарындағы қола медалі – қазақстандық спортшылардың халықаралық аренадағы табысты өнерінің айқын көрінісі. Олардың жетістіктері жас ұрпаққа үлгі болып, спорт пен білімді қатар алып жүрудің маңызын көрсетеді. Оқу грантын табыстау – университеттің талантты спортшыларды қолдауға, олардың сапалы білім алуына және кәсіби тұрғыдан дамуына мүмкіндік жасауға бағытталған жүйелі бастамасының бір бөлігі.
Университет басшылығы халықаралық деңгейде ел намысын қорғап жүрген спортшыларға қолдау көрсету арқылы жастардың спортқа деген қызығушылығын арттырып, білім мен жоғары спорттық нәтижелерді ұштастыруға ынталандыруды көздейді. Алматы гуманитарлық-экономикалық университеті чемпиондарды жетістіктерімен құттықтап, алдағы жарыстарда толағай табыс пен жаңа жеңістер тілейді!