$ 453.93
€ 508.72
₽ 5.35

Алматыда «Әділет» партиясының қатысуымен «Тең мүмкіндіктер» инклюзивті спорт фестивалі өтті

Редактор
12.10.2026, 16:55
Әділет партиясы
Әділет партиясы
Жарыс қорытындысы бойынша үздік командалар марапатталды

Алматыда «Әділет» партиясы мен Алматы қаласы Білім басқармасының Дене шынықтыру және спорт оқу-тәжірибелік орталығының бірлесіп ұйымдастыруымен, Алматы қаласы мәслихатының депутаты Досбол Жылқыбаевтың қолдауымен «Тең мүмкіндіктер» инклюзивті спорт фестивалі өтті, деп хабарлады Bairaqmedia.kz.


Фестивальдің негізгі мақсаты - инклюзивті спортты дамыту, балалардың спортпен шұғылдануына тең жағдай жасау және олардың қабілеттерін шыңдауға мүмкіндік беру. Жарысқа қатысушылар бочча, жеңіл атлетика және «Біз жеңімпаз боламыз» спорттық эстафетасында бақ сынады.

Жыл сайын өткізілетін республикалық балалар инклюзивті спорт фестивалі 3-4, 5-6 және 7-8-сынып оқушылары арасында ұйымдастырылады. Оны дайындау мен өткізуге Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығы, «Әділет» партиясының Әйелдер қанаты, Саяси менеджмент академиясы, партияның Орталық аппаратының Саяси жұмыс департаменті, «Тең мүмкіндіктер әлемі» қоғамдық қоры, Қазақстан бочча федерациясы, сондай-ақ білім және спорт басқармалары мен спорттық инфрақұрылым нысандарының өкілдері кіретін ұйымдастыру комитеті жалпы басшылық жасайды.


Фестивальдің басты ерекшелігі - ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар мен олардың қатарластарының бір алаңда тең дәрежеде жарысуы. Атап айтқанда, спорттық сайыстарға көру, есту, сөйлеу қабілеттерінде, тірек-қимыл аппараты мен зияткерлік дамуында ерекшеліктері бар балалар да қатысады. Мұндай формат балалардың өзара қарым-қатынас орнатуына, жаңа достар табуына, бір-біріне қолдау көрсетуіне және тың жетістіктерге ұмтылуына мүмкіндік береді. Іс-шара аясында бейімделген және инклюзивті спорт секцияларын дамыту, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың бәсекелестік рухын қалыптастыру, өзіне деген сенімін арттыру және қабілеттерін жүзеге асыруға ынталандыру мәселелеріне басымдық беріледі. 

Ерекше қажеттіліктері бар балаларды қолдау еліміздің әлеуметтік саясатындағы маңызды бағыттардың бірі саналады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әрбір баланың дамуына тең мүмкіндік беретін жағдай жасау қажеттігін бірнеше рет атап өткен болатын. «Тең мүмкіндіктер» фестивалі де осы міндетті жүзеге асыруға бағытталған.

Іс-шараға қатысқан Алматы қаласы мәслихатының депутаты Досбол Жылқыбаев инклюзивті спортты дамытудың және әр баланың өз мүмкіндігін жүзеге асыруына жағдай жасаудың маңыздылығына тоқталды.

«Әр бала өз қабілетін танытып, спортпен айналысуға және жеңіске ұмтылуға лайық. Біздің міндетіміз - олардың мүмкіндіктерін шектемей, керісінше, өз әлеуетін ашуына жағдай жасау. «Тең мүмкіндіктер» фестивалі - осы бағыттағы маңызды бастамалардың бірі. Мұндай іс-шаралар балалардың өзіне деген сенімін арттырып, жаңа жетістіктерге жетуіне жол ашады», - деді Досбол Жылқыбаев.

Жарыс қорытындысы бойынша үздік командалар марапатталып, қатысушыларға арнайы сыйлықтар табысталды. Қалалық кезеңде бірінші орын алған жеңімпаз командалар республикалық деңгейдегі жарыста Алматы қаласының намысын қорғайтын болады.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Тең мүмкіндіктер» фестивалі алдағы уақытта да жалғасын тауып, инклюзивті спортты қолдауға және балалардың спорттық әлеуетін дамытуға бағытталған дәстүрлі іс-шара ретінде өткізіле бермек.

Соңғы жаңалықтар

Барлығын қарау