Алматы-Бішкек трассасында үш көліктің қатысуымен жол апаты болды. Салдарынан, бес адам қаза тауып, төрт жолаушы зардап шекті, деп хабарлайды bairaqmedia.kz
Алматы-Бішкек тасжолында болған жол апатының кадрлары әлеуметтік желіде жарияланды. Жол апатынан жеңіл көлік пен жүк көлігі бүлінген. Тіпті, жүк көлігінің тіркемесі отқа оранған.
Жарияланымға қатысты Алматы облыстық полиция департаменті пікір білдірді. Ведомство жол апаты Алматы-Бішкек трассасында болғанын айтты.
Алдын-ала дерек бойынша Mitsubishi Pajero автокөлігінің 42 жастағы жүргізушісі қарсы бағыттағы жолаққа шығып кетіп, Toyota Highlander көлігіне, сосын тіркемесі бар DAF жүк көлігіне соқтығысқан. Апат салдарынан оқиға орнында Mitsubishi Pajero көлігінің төрт жолаушысы және Toyota Highlander көлігінде отырған бір жолаушы - бас-аяғы бес адам көз жұмды. Қалған жолаушылар медициналық мекемелерге жеткізілді", - деп мәлімдеді Алматы облыстық ПД.
Аталған жайт бойынша қылмыстық іс қозғалып, барлық қажетті тергеу шаралары жүргізіліп жатыр.