Иранның атом энергиясы агенттігі АҚШ-тың үш негізгі ядролық нысанға жасаған шабуылын «қатыгез шабуыл» деп атады, деп хабарлайды bairaqmedia.kz
Бірақ, соққыдан кейін де ядролық өнеркәсіптен бас тартпайтынын мәлімдеді. Бұл туралы Иранның мемлекеттік IRNA ақпарат агенттігі хабарлады.
Агенттік хабарлауынша, «заңсыз әрекеттер» ұлттық өнеркәсіптің дамуын тоқтатпайды.
Әрі агенттік АҚШ президенті Дональд Трамп Ақ үйдегі мәлімдемесінде айтқан Фордо, Натанз және Исфахандағы нысандардың «толық жойылғанын» растаған жоқ.
IRNA Иранның ядролық қауіпсіздік басқармасы соққылардан кейін осы үш ядролық нысанда радиациялық ластанудың белгілерін анықтамағанын хабарлаған. Басқарма сондай-ақ нысан маңында тұратын азаматтарға қауіп жоқ екенін мәлімдеген.
Айта кетейік, бұған дейін Трамп АҚШ әуе соққылары Иранның үш негізгі ядролық нысанын толық жойғанын мәлімдеген еді. Сондай-ақ, Тегеран Израильмен бейбіт келісімге келмесе, әскери іс-қимылдарды жалғастыратыны туралы айтқан болатын.