Алматы облысының Іле ауданында үш адам ер адамға топтасып шабуыл жасап, оның автокөлігіне оқ атқан. Оқиғаға қатысы бар күдіктілер бірнеше сағат ішінде ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz.
Бұл туралы КТК телеарнасы ақпарат таратқан.
Алдын ала мәлімет бойынша, үш адам бір азаматқа шабуыл жасап, оның көлігіне оқ атқан.
Оқиға орнында түсірілген бейнежазба әлеуметтік желілерде тарады. Кадрлардан оқ тиген автокөлікті көруге болады. Алайда жәбірленушінің жеке басы мен қазіргі денсаулық жағдайына қатысты ресми ақпарат жарияланған жоқ.
Алматы облысы полиция департаментінің мәліметінше, оқиғаға қатысы бар азаматтар жедел іздестіру іс-шаралары барысында бірнеше сағаттың ішінде анықталып, ұсталған.
«Жүргізілген жедел іздестіру іс-шарасының нәтижесінде бірнеше сағат ішінде жанжалға қатысқандардың барлығы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталып, әрбір қатысушының әрекетіне тиісті құқықтық баға беріледі», – деп хабарлады Алматы облысы полиция департаменті.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Құқық қорғау органдары жанжалдың шығу себебі мен оқиғаның өзге де мән-жайларын анықтауда.