$ 450.62
€ 504.2
₽ 5.36

Ақмолада ұлын ұрған әкеге 100 сағат қоғамдық жұмыс жазасы берілді

Редактор
15.10.2026, 21:37
Фото: istockphoto.com
Фото: istockphoto.com
Ақмола облысында ұлын ұрған әкеге 100 сағат қоғамдық жұмыс жазасы тағайындалды

Ақмола облысының Сандықтау аудандық соты кәмелетке толмаған ұлына күш қолданған ер адамға үкім шығарды. Бала әкесін кешіріп, оны жазаламауды сұрағанымен, сот қылмыстық істі тоқтатудан бас тартты, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz

Іс материалдарына сәйкес, оқиға үйде әкесі мен 2015 жылы туған ұлының арасындағы жанжал кезінде болған. Ер адам баласының кеуде тұсындағы киімінен ұстап, құлағынан алақанымен ұрған және шетке қарай итеріп жіберген. Салдарынан бала физикалық ауырсыну сезінгенімен, денсаулығына зиян келмеген.

Сот отырысында К. кінәсін толық мойындап, жасаған әрекетіне өкінетінін айтты. Кәмелетке толмаған бала әкесін кешіріп, оған жаза тағайындамауды сұраған. Сондай-ақ ол жанжалға өзін де кінәлі санап, үйіне оралғысы келетінін жеткізген. Сот талқылауы кезінде бала оңалту орталығында болған.

Соттың мәліметінше, баладан педагог пен психологтың қатысуымен жауап алынған. Қорғаушы тараптар татуласуына байланысты істі тоқтатуды сұраған. Алайда баланың заңды өкілі мен қорғаншылық және қамқоршылық органының маманы бұл ұсынысқа қарсы болып, балаға тиісті тәрбие мен бақылау қажет екенін атап өткен.

Педагог-психолог та баланың мінезі күрделі екенін, оған ата-анасының тарапынан көбірек көңіл бөлініп, дұрыс тәрбие мен бақылау қамтамасыз етілуі керектігін айтқан. Әкеге ұлымен қарым-қатынас жасау және оны тәрбиелеу мәселелері бойынша тиісті ұсыныстар берілген.

Сонымен қатар сынып жетекшісі К.-ның ұлының өміріне араласып, ата-аналар жиналысына қатысатынын, баласының сабағы мен тәрбиесіне қызығушылық танытатынын жеткізген. Дегенмен ол да әке тарапынан тиісті тәрбие мен бақылауды қамтамасыз ету қажеттігін атап өткен.

Ер адамның кінәсі баланың және куәгерлердің айғақтарымен, зерттеу қорытындыларымен және қылмыстық істің басқа да материалдарымен дәлелденген.

Сот кәмелетке толмаған балаға күш қолданумен байланысты құқық бұзушылық бойынша тараптардың татуласуына байланысты істі тоқтатуға болмайтынын көрсетті.

Жаза тағайындау кезінде сот айыпталушының кінәсін мойындағанын, өкінетінін, ұлының оны кешіргенін және баланың денсаулығына зиян келмегенін ескерген. Сондай-ақ ер адамның жесір екені және уақытша жұмыс істемейтіні назарға алынған.

Нәтижесінде К.-ға 100 сағат қоғамдық жұмыс жазасы тағайындалды. Баланың бұдан кейінгі тұрғылықты жері, оны орналастыру және құқықтарын қамтамасыз ету мәселелері тиісті органдардың құзыретінде қалады.

Сот актісі заңды күшіне әлі енген жоқ.

Соңғы жаңалықтар

Барлығын қарау