Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жобаларын қаржыландыруға екінші деңгейлі банктердің қатысуын кеңейтуді тапсырды. Бұл мәселе Алматыда өткен «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасын жүзеге асыру жөніндегі кеңесте қаралды, деп хабарлады Bairaqmedia.kz.
Ұлттық жоба аясында 2025–2029 жылдары шамамен 13 трлн теңге инвестиция тарту көзделген. Оның ішінде 6,8 трлн теңге коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталады.
Жоспарға сәйкес, 84 мың шақырымнан астам инженерлік желі жаңартылып, олардың орташа тозу деңгейі 40%-ға дейін төмендетіледі. Сонымен қатар коммуналдық нысандардағы апаттылық деңгейін 25%-ға қысқарту көзделген.
Өңірлердегі жобаларды қаржыландыру өткен жылдан басталған. Биыл түрлі қаржыландыру көздері арқылы кемінде 1,1 трлн теңге инвестиция тарту жоспарланып отыр.
Қанат Бозымбаев жоспарланған жұмыстарды толық көлемде орындау үшін жобаларды несиелендіруге қатысатын банктердің санын көбейту қажет екенін атап өтті.
Осыған байланысты Ұлттық экономика министрлігіне коммуналдық кәсіпорындардың жеңілдікпен қаржыландыруға қолжетімділігін кеңейту үшін қолданыстағы тетіктерді өзгерту жөнінде ұсыныстар әзірлеу тапсырылды.
Тапсырмалардың орындалуын Ұлттық экономика министрлігі мен ұлттық жобаның қаржы операторы — «Бәйтерек» холдингі үйлестіреді. Холдинг мемлекеттік органдармен және қаржы ұйымдарымен бірлесіп, әрбір жобаның жүзеге асырылу барысына ай сайын мониторинг жүргізетін жұмыс тобын құруы керек.
Сондай-ақ «Бәйтерек» холдингіне банктермен бірлесіп, 2027 жылы тікелей кредиттеу арқылы қаржыландырылатын жобалардың тізімін әзірлеу тапсырылды. Құжатта қаржыландыру көлемі, шарттары және шешім қабылдау мерзімдері көрсетілуге тиіс.
Ұлттық жобаның негізгі мақсаты — инженерлік желілердің тозуын азайтып, коммуналдық инфрақұрылымның сенімділігін арттыру және апаттар санын қысқарту.