$ 450.62
€ 504.2
₽ 5.36

«Көлеңкеде қалған шындық»: Дана Нұржігіттің сталкинг туралы кітабы жарық көрді

Редактор
15.10.2026, 12:41
Дереккөз
Дереккөз
Дана Нұржігіт сталкинг мәселесін көтеретін «Көлеңке. 115-1» кітабын таныстырады

Журналист әрі қоғам қайраткері Дана Нұржігіт сталкинг мәселесіне арналған «Көлеңке. 115-1» кітабын жарыққа шығарды. Еңбекте адамның жеке өміріне қол сұғу, аңду және қайта-қайта мазалау әрекеттерінің салдары сөз болады, деп хабарлады Bairaqmedia.kz

Автор сталкинг мәселесін сырттай бақылаушы ретінде емес, оның зардабын өзі бастан өткерген адам ретінде баяндайды.

«Сталкинг — қылмыстың басы ғана! Ол бір сәтте емес, айларға, кейде тіпті жылдарға созылатын үдеріс», — дейді Дана Нұржігіт кітаптың кіріспесінде.

Кітапқа алғы сөзді заңгерлер, депутаттар және құқық қорғау саласының өкілдері жазған. Қазақстанның құрметті заңгері Абзал Құспан автордың азаматтық ұстанымы сталкинг мәселесін қоғамдық кеңістіктен заңнамалық деңгейге шығаруға ықпал еткенін атап өткен. Оның айтуынша, осы заңнамалық бастамаға үлес қосқандардың бірі — Дана Нұржігіт.

Құрылтай депутаты Снежана Имашева кітап атауының Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексіндегі сталкингке қатысты 115-1-бабымен байланысты екенін атап өткен. Оның пікірінше, бұл бап сталкингті жеке құқық бұзушылық ретінде танудағы маңызды қадам болды.

Ал құқық қорғау саласының практик маманы, полиция подполковнигі Гүлмира Шрахметова сталкингтің күнделікті өмірде кездесетін белгілеріне назар аударады.

«Қайталанатын қоңыраулар, хабарламалар, аңду, жұмыс орнына немесе үйіне келу, әлеуметтік желілер арқылы бақылау — жай ғана “мазалау” емес, адамның қауіпсіздігі мен еркін өмір сүру құқығына төнетін қауіп», — деп ескертеді ол.

Кітаптың соңында автор полиция қызметкерлерінің кеңесіне сүйене отырып, оқырманға арналған практикалық нұсқаулық ұсынады. Онда сталкинг белгілерін тану, дәлелдерді сақтау және полицияға жүгіну тәртібі түсіндіріледі.

«Көлеңке. 115-1» — жеке оқиғамен шектелмей, қоғамда ашық талқылануы тиіс мәселені көтеретін еңбек. Кітап оқырманның құқықтық сауатын арттыруға және сталкинг жағдайында өзін қорғау жолдарын түсінуге бағытталған.

Еңбектің негізгі идеясы — әр адамның өз өмірін еркін әрі қауіпсіз сүруге құқығы бар. Сталкингке тап болған жағдайда үнсіз қалмай, құқықтық көмекке жүгіну маңызды.

Кітаптың тұсаукесері өтеді:

  • Күні: 2026 жылғы 16 қазан

  • Уақыты: 13:00

  • Өтетін орны: Салтанат сарайы, Қабанбай батыр даңғылы, 3

  • Байланыс нөмірі: +7 777 647 00 08

Соңғы жаңалықтар

Барлығын қарау