Хорватияда Адриат теңізінің түбінен ғылымға бұрын белгісіз динозавр түрінің сүйектері табылды. Ғалымдар бұл әлемдегі су астынан анықталған алғашқы осындай олжа екенін мәлімдеді, деп хабарлайды bairaqmedia.kz елдің HRT телерадиокомпаниясына сілтеме жасап.

Бірегей қалдықтар Хорватияның Истрия аймағындағы Бале елді мекеніне жақын жерде, 1,5–6 метр тереңдіктен табылған. Палеонтологтардың алдын ала болжамынша, шамамен 130 миллион жыл бұрын тіршілік еткен алып, ұзын мойынды шөпқоректі динозаврдың мойын омыртқалары, бел сүйегі мен қабырғалары анықталған.

Америкалық палеонтолог Мэтью Ламаннаның айтуынша, табылған сүйектердің бұрын белгісіз динозавр түріне тиесілі екеніне күмән жоқ. Қазір халықаралық ғалымдар тобы ежелгі жануардың қалдықтарын теңіз түбінен шығару жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Мамандардың пікірінше, бұл жаңалықтың ерекшелігі — динозавр сүйектерінің теңіз түбінен табылуы. Бұған дейін әлемде мұндай жағдай тіркелмеген.
Ғалымдар Бале маңындағы теңіз түбінде әлі де ашылмаған динозавр қалдықтары болуы мүмкін екенін айтады. Айта кетейік, Истрия өңірінен алғашқы динозавр сүйектері 1993 жылы кездейсоқ табылған.