Алматы облысында «жайлы мектептердің» құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Талғар және Іле аудандарына барып, ұлттық жобаның жүзеге асу барысымен танысты деп хабарлайды bairaqmedia.kz
Өңір басшысы үш білім беру нысанын аралап көрді. Жобалардың іске асуы 2 800-ден астам жаңа оқушы орнының құрылуына ықпал етіп, қолданыстағы мектептерге түсетін жүктемені едәуір азайтпақ.
Сапардың алғашқы нысаны — Талғар ауданы Жаңалық ауылындағы 900 орындық мектептің құрылысы. Жоба 2023–2025 жылдар аралығында жүзеге асырылуда. Бас мердігер — «AK Construction Company» ЖШС, жобалаушы — «Капремпроект» ЖШС, техникалық қадағалаушы — «Стройинтеграция» ЖШС.
Қазір нысанның 90%-ы дайын, ал жабдықтардың 50%-ы орнатылған. Құрылыстың негізгі жұмыстары аяқталып, аумақты абаттандыру және технологиялық жабдықтарды жеткізу жұмыстары жалғасып жатыр. Барлық жұмыстар алдағы екі аптада толық аяқталады деп жоспарлануда.
Келесі нысан — Іле ауданы Тілендиев ауылындағы 900 орындық мектеп. Құрылыс белгіленген кестеге сай жүргізілуде: жер жұмыстары аяқталып, ғимараттың қаңқасы мен қабырғалары тұрғызылды, шатыр мен қасбеттік жұмыстар, сондай-ақ инженерлік желілерді тарту жұмыстары жүргізілуде. Жоба 2023–2025 жылдар аралығында республикалық бюджет есебінен қаржыландырылуда. Тапсырыс беруші — «Samruk-Kazyna Construction» АҚ, мердігер — «Exclusive Construction» ЖШС.
Сапардың соңғы нысаны — Талғар ауданы Талдыбұлақ ауылындағы 600 орындық мектеп. Құрылыс жұмыстары аяқталу сатысында: ғимараттың қаңқасы тұрғызылып, ішкі әрлеу, инженерлік жүйелерді орнату және аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Мердігер — «Диал строй» ЖШС.
Сапар қорытындысында облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев нысандардың жоғары дайындық деңгейін атап өтіп, заманауи білім беру инфрақұрылымын қалыптастыруда кешенді тәсілдің маңызын ерекше атап өтті.
Мектеп — бұл жай ғана ғимарат емес. Бұл — балалар өздерін жайлы, қауіпсіз әрі сенімді сезінетін орта. Аудан әкімдеріне аумақты көгалдандыру, ағаш отырғызу секілді жұмыстарға ерекше көңіл бөліп, жан-жақты қолдау көрсетуді тапсырамын. Біз бұл мектептерді балаларымыз үшін салып жатырмыз, ал олар ең үздік жағдайға лайық, — деді облыс әкімі.
Аталған мектептердің пайдалануға берілуі 2 467 оқушыны заманауи оқу жағдайымен қамтамасыз етеді және аудандардың әлеуметтік дамуына серпін береді. «жайлы мектеп» ұлттық жобасы Алматы облысында жоспарлы түрде жүзеге асырылып жатыр.