Ақтауда жүргізуші қарсы бағыттағы жолаққа шығып, жаппай жол-көлік оқиғасын тудырды. Салдарынан бір адам қаза тапты, деп хабарлады Вairaqmedia.kz.
Жол-көлік оқиғасы сейсенбі, 11 тамызда Ақтау – Маңғыстау тасжолында Toyota Camry, Lada Granta және Toyota Sequoia көліктерінің қатысуымен болған.
«Алдын ала мәлімет бойынша, Toyota Sequoia көлігінің жүргізушісі қарсы бағыттағы жолаққа шығып, Lada Granta және Toyota Camry көліктерімен соқтығысқан. Апат салдарынан Toyota Camry көлігінің 23 жастағы жүргізушісі оқиға орнында қаза тапты», – деп хабарлады полиция.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тергеу жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда. Көліктер арнайы айып тұрағына қойылды.