13 қараша күні Ақмола облысында ірі жол апаты болды. Екі FAW жүк көлігі соқтығысып, тасымалданып бара жатқан 15 жаңа автокөлік жол жиегіндегі жыраға аударылды. Бұл туралы Вairaqmedia.kz хабарлады.
Ақмола облысы полиция департаментінің мәліметінше, екі жүк көлігі Қорғас арқылы Ресейге қарай жаңа автокөліктерді тасымалдап бара жатқан.
Астана – Атбасар – Жақсы автожолының Ақмола облысы аумағындағы бөлігінде колоннамен келе жатқан бірінші FAW көлігі мұзға тайып кеткен. Артынан келе жатқан екінші жүк көлігі оны соғып, соның салдарынан тасымалданып бара жатқан 15 жеңіл автокөлік жыраға құлаған.
Полиция департаменті оқиға орнынан түсірілген видеоны да жариялады.
«Жол апаты салдарынан Қорғастан Ресейге жеткізіліп бара жатқан 15 жаңа автокөлік жыраға құлады. Зардап шеккендер жоқ», – деп хабарлады полиция.
Айта кетейік, соңғы айларда Ақмола облысының тасжолдарында адам өліміне әкелген бірнеше ірі жол-көлік оқиғасы тіркелген.