Сәкен Майғазиевтің ұлының тойы басталды, деп хабарлайды bairaqmedia.kz
Қоғамда қызу талқыға түскен тойдың ақылы тікелей көрсетілімі сағат 17:00-де басталады деп белгіленген. Той онлайн қонақтар үшін белгіленген уақыттан кешікпей басталды.
Кешті онлайн көру үшін 1380 теңге төлеп, 5 мыңнан аса адам тіркелген. Дәл қазір соның 2 мыңы тікелей эфирге отыр.
Төлем жасаған онлайн қонақтарға арнайы сілтеме жіберілген. Айта кетерлігі, сілтеме төлем жасаған адамның телефоны мен номеріне байланған. Яғни, оны басқа пайдаланушыға жіберуге болмайды екен.
Кеш барысында жас жұбайлармен сұхбат, құдалармен танысу, беташардан репортаж, заңды неке қию рәсімі және тағы басқа да эксклюзивті материалдар болады, - делінген Telegram-арнада.
Тікелей эфирді Анна Данченко мен Әзімбек Байлин жүргізіп жатыр.
Айта кетейік, бұған дейін Сәкен Майғазиевтің ұлының тойын тікелей эфирде көру ақылы болып шыққанын жазған едік.
Музарт тобының мүшесі тойға тіркелу басталғанын жариялап, арнайы сілтемемен бөліскен-ді. Майғазиевтер отбасындағы қуанышты тамашалау құны 1380 теңге болып бекітілген.
Танымал әнші маңғыстаулықтармен құда болып жатыр. Бұған дейін Майғазиевтер келіні Әдияны шаңырақтарына әкеліп, беташар рәсімін жасады. Үйлену тойына қуаныш иелері 2 мың адам шақырған. Алайда, кейін адам санын қысқартуға тура келсе керек.
Қонақ саны сәт сайын артып жатыр. Қазір кешті көруге тіркелгендер саны 6 мыңнан асты. Соның 3 мыңы тікелей эфирді тамашалап отыр. Қазір жүргізушілер тойға келген танымал әншілермен сұхбаттасып жатыр.