Балғынбек Имашевтың ұлынан тур сатып алған тағы 39 адам қажылықтан қағылған, деп хабарлайды bairaqmedia.kz
Еліміздің түкпір-түкпіріндегі туристер ақшасын қайтара алмай жүр. Бүгін Алматыдағы зардап шегушілер полиция басқармасына барып, тергеудің қалай жүріп жатқанын білуге тырысты.
19 сәуірде мен өзім ұшуым керек еді. Бірақ, сол уақыттан бері ешқайда ұшқан жоқпыз. Ақшамыз да қайтарылмай жатыр. Ең бірінші жұмаға дейін деген. Ең соңғы уәдесі Құрбан Айтқа дейін қайтарамыз деген. Директоры Имашев Данияр деген жігіт, - деді Алматы қаласының тұрғыны Берік Маржанов.
Әрқайсысы жолдама үшін шамамен 500 мың теңгеден төлеген. Яғни, бұл топтағы адамдарға айтыскердің ұлы жалпы соммасы 20 миллион теңге қарыз екен. Оларға Мекке мен Мәдинадағы 3 және 4 жұлдызды қонақүйлер уәде етілген. Сан соғып қалғандар компанияны әлеуметтік желі арқылы тапқандарын айтады. Балғынбек Имашевтің өзі жарнамалаған соң, құдайдай сендік дейді. Ал, қазір не өзі, не ұлы байланысқа шықпай отыр екен.
Тағы оқыңыз: Айтыскер ақын Балғынбек Имашевтың ұлы алаяқтық бойынша тергеліп жатыр
Еске салайық, бұған дейін дәл осы компанияға алданған 50-ге тарта адам жаппай полицияға шағым түсірген болатын. Іле-шала Данияр Имашев олардан алған қаражатын қайтарып берген. Бұл жолы да зардап шегушілер полицияға жүгінген. Сөйтіп,алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Қылмыстық іс-жүргізу кодексімен көзделген барлық тергеу амалдары жүзеге асырылуда. Тиісті сараптамалық зерттеулер тағайындалды. Іс материалдары міндетті түрде сотқа жолданылатын болады, - деді Алматы қаласы ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.