Лондонға бағыт алған Air India әуе компаниясының Boeing 787-8 Dreamliner ұшағы тұрғын ауданға құлап, ауыр апатқа ұшырады. Бортта болған 242 адамның бәрі көз жұмды деп хабарланғанымен, бір жолаушының аман қалғаны белгілі болды, деп хабарлайды bairaqmedia.kz.
Жергілікті полицияның мәліметінше, ұшақ құлаған үйлердің тұрғындары арасында да құрбандар бар.
Ұшақтың апат сигналын әуеге көтерілгеннен кейін бірден жіберген. Бортта 12 экипаж мүшесі және 230 жолаушы болған — олардың 169-ы Үндістан азаматы, 53-і Ұлыбританиядан, 7-еуі Португалиядан және 1-і Канададан.
Hindustan Times басылымының жазуынша, ұшақта болған Ұлыбритания азаматы – 40 жастағы Рамеш Вишвакумар полиция қызметкерлері құтқарған жалғыз адам ретінде тіркеліп отыр. Ахмедабад полициясы оның апат орнынан тірі шығарылғанын растады. Қазір ол ауруханада ем қабылдап жатыр.
«Ұшақ көкке көтерілгеннен кейін 30 секунд ішінде қатты дыбыс шықты. Сол сәтте бәрі бір сәтте өзгерді – ұшақ құлады. Барлығы көз алдымда тез болып кетті. Есімді жиған кезде айналамда мәйіттер мен ұшақтың сынықтары жатты. Қатты қорқып кеттім, орнымнан тұрып, жүгіре жөнелдім. Біреу мені ұстап алып, жедел жәрдем көлігіне отырғызып, ауруханаға жеткізді», – деп еске алады аман қалған Рамеш Вишвакумар.
Қаза тапқан жолаушылардың арасында бұрынғы министр де болған болуы мүмкін. Үндістан үкіметінің ресми өкілдерінің айтуынша, Гуджарат штатының бұрынғы бас министрі Виджай Рупани ұшақ апатында қаза тапқан болуы ықтимал.
Құтқару жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Төтенше жағдайлар қызметі апат орнында. Тергеу басталды.