Жетісу облысында Ақсу және Көксу қант зауыттары шаруашылықтардан өнім қабылдай бастады, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz.
Аталған екі кәсіпорында жалпы көлемі 585 мың тонна өнім өңделеді деп күтілуде, соның 211 мың тоннасы Ақсу зауытында, 374 мың тоннасы Көксу зауытында өңделмек. Жалпы, 101 мың тонна қант өндіру жоспарланған, оның 71 мың тонна қант қызылшасынан, 30 мың тонна қант құрағынан алынады деп межеленіп отыр, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
- Зауыттарда кесте жасалып, бекітілді. Мұндай тәртіп келіп түсетін өнім легін реттеуге және қант қызылшасын өңдеуге өткізу кезінде кезектің пайда болу қаупін азайтуға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта екі зауытта да өнімді қабылдау мен өңдеуге дайындау жұмыстары аяқталды. Көксу зауытының жұмыс жоспарына сәйкес, жөндеу жұмыстары 20 қыркүйекте аяқталды. Сонымен қатар қызылша қабылдауға 5 БУМ машинасы дайындалды, зертханаға жаңа жабдықтар орнатылды. Ақсу қант зауытында да жабдықтар жөнделді. Сондай-ақ екі қазандық толықтай табиғи газға ауыстырылды. Екі жаңа қызылша кескіш пен әк-газ пешін монтаждау жұмыстары аяқталды, электр цехындағы жоғары кернеулі электр жабдықтарына сынақ жүргізіліп, жаңа БУМ машинасы сатып алынды, - деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Н. Кененбаев.
Өндіріс қуаттылығын арттыру мақсатында зауыттар кезең-кезеңімен жаңғыртудан өткізілуде.

Атап айтқанда, Көксу зауытының қуатын жылына 250-ден 500 мың тоннаға дейін ұлғайта отырып жаңарту жүргізілуде, жаңғырту жұмыстары 2027 жылы аяқталады. Тартылатын инвестициялар көлемі 29 млрд. теңгені құрады.
- Азық-түлік цехын жаңғыртудың бірінші кезеңін бітірдік. Қазір екінші кехеңі жүріп жатыр, жуырда оны да аяқтаймыз. Бүгінгі күні күніне 2 тоннадан қабылдап жатырмыз, ең алдымен ерте пісетін сорттарды қабылдай бастадық. Бұдан әрі күнделікті қабылдауды арттырамыз. Зауыт қазір өңдеу процесіне дайындалуда, жуырда өңдеуге кірісеміз. Жаңа құрал-жабдықтарды орнатудың арқасында өңдеу қуатын тәулігіне 3 мың тоннаға дейін арттыра аламыз, алдағы уақытта жаңғырту аяқталғаннан кейін бұл көрсеткіш 5 мың тоннаға жеткізіледі. Жалпы кәсіпорынды модернизациядан өткізу өңдеу көлемін арттыруға, соған сәйкес қызылшаның кагат алаңында қысқа мерзім ғана жатуына мүмкіндік береді, яғни алынған қант сапасы жақсарады деген сөз, - Көксу қант зауытының директоры Алтынбек Абатов.
Қазіргі таңда кәсіпорынның жұмысына 400 адам тартылған. Өнімді қайта өңдеу жұмыстары басталғаннан кейін қызметкерлер саны арта түспек.
Көксу қант зауытына өнімді қайта өңдеуге алғашқылардың бірі болып Жарлыөзек ауылдық округіндегі «Қыдырәлі» шаруа қожалығының мамандары жеткізді.

– Қант қызылшасын зауытқа жеткізумен айналысамын. Зауыт тарапынан өнімді қабылдауда ешқандай қиындық жоқ. Күніне 3-4 рейс жасаймыз. Кеше келдім, бүгін кезек бойынша бесіншімін. Кезек жылдам жылжып жатыр, сондықтан бүгін өнімімді зауытқа өткіземін. Соңғы жылдары өнімділік жақсы болды, ал биылғы көрсеткіш одан да жоғары, – деді «Қыдырәлі» шаруа қожалығының жүргізушісі Әсет Шеңгелбаев.
Шаруалар Ақсу қант зауытына да тәтті түбірді өңдеуге белсенді жеткізуде.
- Біз алқаптан қызылша жинауды 23 қыркүйектен бастадық. Бүгін зауытқа алғашқы өнімімізді өңдеуге алып келдік. Биыл қант қызылшасын 15 гектарға септік, әр гектарынан 50 центнерден алып жатырмыз, биыл өнім шығымы жақсы, - деді «Дархан» шаруа қожалығының жетекшісі Нұржұма Тілеуліұлы.
Ақсу қант зауытын инвестор биылдан бастап жаңғыртуды жоспарлап отыр. Бұл өндірістік қуаттылығын 350 мың тоннадан 600 мың тоннаға дейін ұлғайту үшін қолға алынуда. Жаңғырту жұмыстары 2028 жылы аяқталады. Жобаның құны - 25 млрд. теңге.

Биыл Жетісу облысында қант қызылшасы 13,5 мың гектар алқапқа егілді. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 1,3 мың гектарға артық.