Мерекелік шаралар өңірдің барлық аудан-қалаларын қамтыды. Талдықорған қаласындағы мерекеде Конституция ауылы мен биыл мерейтойлық жылы аталып өтілетін тарихи тұлғаларға арналған киіз үйлер сап түзді. Тағы бір атап өтерлік ерекшелігі сол, цифрлық киіз үй құрылып, заманауи технологиялық алаңда талдықорғандықтар мен қала қонақтары өңірде жүзеге асырылып жатқан цифрлық жобалармен, жаңа шешімдермен танысты. Келушілерді мерекемен жасанды интеллект арқылы адаммен нақты уақыт режимінде байланыс орната алатын заманауи гуманоид робот құттықтады. Сонымен қатар робот Қара жорға биін билеп, тамашалаушыларға ерекше көңіл күй сыйлады. Тағы бір жаңашылдықты атап өтсек, осы күні дрон арқылы бауырсақ жеткізілді, деп хабарлайды bairaqmedia.kz
Талдықорған қаласында «Жастар» саябағы маңында «Наурыз ауылы» атты ұлттық нақыштағы киіз үйлер қалашығы бой көтерді. «Қош келдің, құтты Наурызым» атты мерекелік шараға Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев қатысты.
Әрбір киіз үйдің жанында қазақ халқының салт-дәстүрі мен мәдениетін дәріптейтін шағын сахналық көріністер ұйымдастырылды. Тұрғындар ән айтып, би билеп, ұлттық киімдерін көрсетіп, түрлі ойындар мен сайыстарға қатысты. Сонымен қатар алтыбақан құрылды қонақтарға Наурыз көже мен бауырсақ ұсынылды.
«Мәдениет», «Білім және ғылым», «Инновация» киіз үйлерінің басын босқан «Ата Заң ауылын» көпшілік қызыға тамашалады.
«Инновация» киіз үйінде келушілерді заманауи гуманоид робот қарсы алып, Наурыз мейрамы мерекесімен құттықтады. Робот сөзді ұғу, кеңістікте бағдарлану, тепе-теңдік сақтау, қозғалысты үйлестіру, қоршаған ортаға бейімделу мүмкіндіктерін көрсетті. Ол жасанды интеллект технологиялары арқылы адамдармен еркін байланыс орнатты. Оған қоса роботталған шешімдер, сол қатарда робот-ит те таныстырылды. Бұл құрылғы патрульдеу, нысандарды тексеру, адамдарды сүйемелдеу сияқты міндеттерді атқара алады және адам үшін қиын немесе қауіпті жағдайларда тиімді жұмыс істеуге бейімделген.
3D LED-экранда ұсынылған визуалды контент заманауи цифрлық технологиялардың қауіпсіздік, көлік, мемлекеттік қызметтер мен байланыс салаларындағы күнделікті өмірді қалай жеңілдететінін айқын көрсетті.
Алаң қонақтарына Starlink спутниктік интернетінің мүмкіндіктері таныстырылып, интернет жылдамдығы мен тұрақтылығы көрсетілді. Таныстырылым соңында дронның көмегімен бауырсақ жеткізу көрінісі ұсынылды.
Цифрлық киіз үйдің жанында балалар технологияны ерте жастан меңгеретін робототехникаға арналған заманауи ауыл бейнесіндегі интерактивті алаң ұйымдастырылды.
«Білім мен ғылым» киіз үйінде келушілерге танымдық әрі интерактивті тәжірибе көрсетілді. Атап айтқанда, мұнда ақпараттық киоскілер, цифрлық цифровой 3Д принтер мен робот-спортшылар таныстырылды. Сондай-ақ адам мен робот-шахматшы арасындағы шахмат ойыны да көпшіліктің қызығушылығын туғызды.
«Мәдениет» киіз үйінде Көркемсурет галереясы қорындағы ұлттық нақыштағы суреттер қойылып, бүл картиналар QR-код арқылы ЖИ көмегімен жандандырылып, қозғалысқа келтірілді. Сол сияқты биыл мерейтойлары атап өтілетін тарихи тұлғалардың өмірі мен қызметі туралы ролик көрсетілді.
Сонымен бірге Ыбырай Алтынсариннің 185, Жамбыл Жабаевтың 180, Барлық Сырттановтың 160. Нұрмолда Алдабергеновтің 120, Дәнеш Рақышев пен Әбікен Сарыбаевтың 100 жылдықтарына т.б. тарихи тұлғаларға арналған киіз үйлер құрылды.
Оқушылар сарайының тәрбиеленуші өнерлі балалары мерекелік концерт ұсынды. Сондай-ақ балалардың қолынан шыққан түрлі бұйымдар көрмеге қойылды.
Саябақ маңындағы спорт алаңдарында ұлттық спорт түрлерінен жарыстар өтті. Сонымен қатар Талдықорған қаласында палуандар «Талдықорған барысы» финалдық сайысында қазақ күресінен бақ сынасты.
Сол сияқты «Visit Zhetysu» туристік ақпараттық орталығы ұйымдастырған көрмеде өңірдің туристік мүмкіндіктері мен даму перспективалары таныстырылды. Іс-шара өңірдің шығармашылық ұжымдары қатысқан Наурыз мейрамының мәні мен маңызын ашатын театрландырылған қойылыммен жалғасын тапты.
Салтанатты шарада Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев тұрғындарды мерекемен құттықтады:
Наурыз – жаңарудың алғышарты, жаңғырудың басы, бірлік пен келісімнің жаршысы. Нұрын шашқан Наурызбен бірге қайырымдылық, жанашырлық, тілеулестік, қоршаған ортаға және адамдардың бір-біріне деген қамқорлығы сияқты барша асыл қасиеттер еселене түседі. Үлкенге құрмет, кішіге ізет, қоғамға еңбек, елге қызмет етудің үлгісі паш етіледі. Мұндай игі шаралар Наурызда ғана емес, жыл бойы үздіксіз жалғасатын қастерлі құндылықтарымызға айналуы тиіс. Әз-Наурыз әр шаңыраққа қуаныш пен шаттық, ырыс пен бақ әкелсін, - деді өңір басшысы.
Мерекелік шара «Наурыз шашуы» атты концертпен қорытындыланды.
Наурызға Текелі қаласынан келген бүркітші Жасұлан Бүркітбай өз пікірін білдірді:
Менің әкем Файзулла Бүркітбай қазақ халқының ең көне өнерлерінің бірі – құсбегілікпен айналысады. Бұл – табиғатқа деген терең құрметті, мейірімділікті, төзімділік пен шеберлікті талап ететін бірегей дәстүр. Әкеміз – бізге барлық жағынан ұстаз. Немерелері де оның ісін жалғастырып келеді. Өткен жылдың күзінде «Қыран» республикалық байқауында біздің бүркіттер бас жүлдені жеңіп алды. Бүгін біз екі бүркіт пен бір қаршығамызды Наурыз мерекесіне орай ұйымдастырылған көрмеге алып келдік. Өзім құсбегіліктен облыста жаттықтырушымын, жас ұрпақтың бойына ұлттық спорт түрлеріне деген сүйіспеншілік пен қызығушылықты дарытуға тырысамын. Бүркітті қолға үйрету оңай емес, ол – рухы мықты құс, сондықтан оны күшпен бағындыру мүмкін емес. Бұл жерде сабыр керек, төзім керек. Мен жастарды осыған үйретуге тырысамын, – деді ол.
Жергілікті тұрғын Андрей Чухан да ой қосты:
Наурыз – бұл біздің жалпыұлттық мерекеміз. Жыл сайын осы мейрамға арналған іс-шараларға қалмай, үнемі қатысамын. Өйткені бұл мереке көктемнің келгенін білдіреді, табиғат оянып, күн ұзарып, жылылық молаяды. Біздің татулығымызды, бейбітшілігіміз бен бірлігімізді паш етеді, бұл – біздің ортақ байлығымыз. Біз жыл сайын көктемді бірге, тату-тәтті, көңілді қарсы аламыз, еліміздің мәдени мұрасы мен дәстүрлерін көріп біліп, тани түсеміз. Баршаңызға зор денсаулық, үйлеріңізге молшылық тілеймін, – деді ол.
Жалпы мереке кешкілік бағдарламамен жалғасып, концерт пен отшашу болады деп жоспарланған.
Атап өтсек, Жетісу облысында Наурыз мерекесі аясында 1330-дан астам түрлі іс-шара мен акциялар ұйымдастырылды.