$ 450.69
€ 505.04
₽ 5.45

Бұрынғы әйелін аяусыз ұрған тараздық ер адам бір жылға сотталды

Редактор
21.10.2026, 18:48
Фото: istockphoto.com
Фото: istockphoto.com
Таразда бұрынғы әйелін есінен танғанша ұрып, баласын алып кеткен ер адам сотталды

Тараз қаласында бұрынғы әйелін ұрып-соғып, денсаулығына орташа ауырлықтағы зиян келтірген 35 жастағы ер адам бір жылға бас бостандығынан айырылды. Жамбыл облыстық сотының апелляциялық алқасы алғашқы сот үкімін өзгеріссіз қалдырды, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.

Сот мәліметінше, оқиға 2025 жылдың тамызында болған. Ер адам жәбірленушімен бұрын ресми некеде тұрған. Ажырасқаннан кейін олар қайтадан бірге тұра бастаған.

Тұрмыстық жанжал кезінде ер адам әйелдің бетінен бірнеше рет ұрған. Соққыдан кейін әйел есінен танып қалған. Кейін дәрігерлер оның қолы жабық түрде сынғанын анықтаған.

Қыркүйек айында бұрынғы ерлі-зайыптылардың арасында тағы да жанжал туындаған. Әйел қолының ауырып тұрғанын айтып, медициналық көмекке жүгіну қажеттігін жеткізген. Алайда ер адам оны балағаттап, кейін итеріп жіберген. Содан соң ол пәтерден кәмелетке толмаған баласын алып кеткен.

Тараз қаласының №2 соты ер адамды денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіргені үшін кінәлі деп танып, бір жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Сотталған азамат үкіммен келіспей, апелляциялық алқадан өзін ақтауды сұраған. Алайда Жамбыл облыстық соты бірінші сатыдағы сот шешімін өзгертуге негіз таппаған.

Үкім заңды күшіне енді.