Алматының Алатау ауданында жеке тұрғын үйден шыққан өрт салдарынан төрт адам зардап шекті. Кейін ғимараттың заңсыз хостел ретінде пайдаланылғаны анықталды, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz КТК арнасына сілтеме жасап.
Оқиға 21 қазан күні сағат 10:00 шамасында болған. Алдымен қатты жарылыс естіліп, артынша екі қабатты үйді өрт шарпыған. Жалын 180 шаршы метр аумаққа таралып, ғимараттың шатыры опырылып түскен.
Көршілердің айтуынша, биыл салынған үй хостел ретінде пайдаланылып, онда шамамен 20 адам тұрған. Тұрғындардың арасында студенттер де болған. Өрт салдарынан төрт адам ауруханаға жеткізілді. Олардың екеуінің жағдайы өте ауыр, қалған екеуінің жағдайы орташа ауыр деп бағаланған.
«Екі науқас жансақтау бөлімінде жатыр, жағдайлары өте ауыр. Қалған екі зардап шегушінің жағдайы орташа ауыр деп бағаланып отыр. Барлығына қажетті медициналық көмек толық көлемде көрсетілуде», – деді Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ләйлә Иманғалиева.
Құтқарушылар өртті бір сағатқа жетпей оқшаулаған. Баспанасыз қалған отбасылар уақытша орналастырылды. Алдын ала болжам бойынша, жарылыс газға байланысты болуы мүмкін. Оқиғаның нақты себебі анықталып жатыр. Үй иесінің бөлмелерді заңсыз жалға бергені белгілі болып, полиция тергеу бастады.