$ 450.69
€ 505.04
₽ 5.45

«Кішкентайым алып кетші дейді»:Жангелдин трагедиясынан аман қалған Ақбаян сұхбат берді

Редактор
22.10.2026, 10:17
видеодар алынған скрин
видеодар алынған скрин
Ақбаянның ағасы Шалқар Мұқанғалиев қарындасының денсаулығына алаңдаулы

Атырау облысындағы Жангелдин ауылында болған, бүкіл елді дүр сілкіндірген қайғылы оқиғадан аман қалған Ақбаян Мұқанғалиева алғаш рет журналистерге сұхбат берді. Қанды оқиғадан кейін ұзақ уақыт ем қабылдаған бес баланың анасы бүгінде қалыпты өмірге қайта оралуға тырысып жүр. Оның басты арманы – балалар үйіндегі бес перзентін бауырына басу, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.

КТК телеарнасының мәліметінше, Ақбаян Мұқанғалиева қайғылы оқиғадан бері ешбір журналистпен тілдеспеген. Бұл – оның болған жағдайдан кейінгі алғашқы сұхбаты. Қазір Ақбаян туыстарының қамқорлығында тұрып жатыр. Денсаулығын қалпына келтіру үшін ұзақ уақыт ем іздеген әйел біртіндеп қалыпты өмірге бейімделіп келеді. Алайда ол әлі де білікті дәрігерлердің көмегіне мұқтаж. Ақбаянның бес баласы бүгінде балалар үйінде тәрбиеленіп жатыр. Балаларын сағынған ана олармен қайта қауышуды армандайды.

«Кішкентайым жылап, алып кетші дейді. Үлкендері енді түсінеді. Иә, психологқа барып жүрмін. Таңертең, аптасына екі рет. Басқа ешқайда қаралып жатқан жоқпын. Басым мазаласа, кетеді ғой. Бірақ қатты ауырып жүрген жоқпын», – деді Ақбаян Мұқанғалиева.

Телеарнаның хабарлауынша, Ақбаян әлі күнге дейін ата-анасы мен бауырларының қаза тапқанынан бейхабар. Жақындары оның денсаулығына алаңдап, қайғылы хабарды әзірге естіртпеген.

Ақбаянның ағасы Шалқар Мұқанғалиев қарындасының денсаулығына алаңдаулы. Ол Ақбаянды Алматы немесе Астана қалаларындағы білікті мамандарға көрсеткісі келетінін жеткізді. Алайда толыққанды ем қабылдау үшін қосымша қаражат қажет. Қазір отбасы Ақбаянның денсаулығын қалпына келтіруге бар күшін салып жатыр. Жақындары оған қажетті медициналық көмек көрсетіліп, алдағы уақытта балаларымен қайта қауышуына мүмкіндік туады деп үміттенеді.

Еске салайық, Атырау облысының Жангелдин ауылында болған қанды қылмыс бүкіл Қазақстанды дүр сілкіндірген еді. Бір отбасының төрт мүшесін өлтіргені үшін Ақбаянның бұрынғы күйеуі Сұлтан Сәрсемәлиев өмір бойына бас бостандығынан айырылған.

Соңғы жаңалықтар

Барлығын қарау