Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қарулы Күштерді жаңғыртуға бағытталған әскери реформа жоспарын мақұлдады. Бұл туралы Ақордаға сілтеме жасап Вairaqmedia.kz хабарлайды.
Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында Қорғаныс министрі Айдос Мырзахметов Қарулы Күштерді жаңғырту жоспарының негізгі бағыттары туралы баяндады.
Жоспар аясында Қарулы Күштердің жаңа ақпараттық-коммуникациялық стратегиясын қабылдау және Конституцияда бекітілген «Заң мен тәртіп» қағидатына сәйкес әскери қызметшілер арасындағы тәрбие жұмыстарының сапасын арттыру көзделген. Бұл өзгерістер әскердегі тәртіпті күшейтуге және қоғамның Қарулы Күштерге деген сенімін нығайтуға бағытталған.
Ақорданың мәліметінше, жоспардағы ұйымдастыру шаралары 2026 жылдың соңына дейін, ал негізгі тұжырымдамалық өзгерістер 2027 жылы жүзеге асырылады. Отырыс барысында Мемлекет басшысы Қорғаныс министрлігінің қызметін кешенді тексеру жөніндегі комиссияның жұмысын жыл соңына дейін аяқтауды тапсырды.
Президент әскери қауіпсіздікті қамтамасыз ету тек Қорғаныс министрлігінің ғана емес, бүкіл мемлекеттің ортақ міндеті екенін атап өтті. Осыған байланысты барлық жауапты мемлекеттік органның үйлесімді жұмыс істеуі қажет екенін ескертті. Жиын қорытындысында Әскери реформа жоспары мақұлданды. Қасым-Жомарт Тоқаев жоспарланған өзгерістердің уақтылы әрі толық орындалуы маңызды екенін айтты.
Әскери реформаның жүзеге асырылуын үйлестіру міндеті Үкімет пен Қауіпсіздік Кеңесіне жүктелді.