Жетісуда Көрісу күні – Амал мерекесі аталып өтілді

Редактор
14.03.2026, 14:09
Қанат Өмірәлинов
Қанат Өмірәлинов
Бүгін Жетісу облысы Наурыз мейрамының бастамасы болған Көрісу күні – Амал мерекесін ақ тілекпен, дәстүрлі көрісумен қарсы алды. Салтанатты шаралар облыстың барлы аудан-қалаларында өтті. Соның ішінде Талдықорған қаласының орталық алаңында «Бір көрісу – бір жылдық қуаныш» атты мерекелік іс-шара ұйымдастырылды, деп хабарлайды bairaqmedia.kz

Осы күні орталық алаңда Бикен Римова атындағы академиялық драма театрының әртістері мен Д. Рақышев атындағы облыстық филармония әшншілері театрландырылған көрініс ұсынып, көрісу дәстүрі сахналанды.

Сондай-ақ түрлі этнос өкілдері өзара қазақтың «көрісу» дәстүрімен  құшақ айқастырып, бір-біріне ақ тілектерін айтты.  бұл күннің баршаға ортақ мереке екенін паш етті. Сол сияқты этно-мәдени бірлестіктер мүшелері өздерінің ұлттық билерін көпшілік назарына ұсынды.

Бұдан әрі шара мерекелік концертпен жалғасып, мерекеге арналған өлеңдер оқылды, халық әндері шырқалды. Іс-шара қарияның облыс халқына арнаған ақ бата беруімен түйінделді. 

Атап өтсек, облыс әкімінің әлеуметтік желідегі жарияланған құттықтауында «Көрісу күні – Амал мерекесінің» жас ұрпақты тәрбиелеудегі және мәдени мұра мен ұлттық ерекшелікті сақтаудағы рөлі атап өтілді.

Ақ тілек айтып, жақын жандармен жүздесу достық пен сыйластықты нығайтып, қоғамның тұтастығы мен тұрақтылығын бекемдей түседі. Осы жарқын мерекеде әр шаңыраққа ырыс пен бақ ұяласын. Баршаңызға мықты денсаулық, толайым табыс, бейбіт те берекелі ғұмыр тілеймін! – делінген құттықтауда.

 

Осы күні алаңға келген тұрғындардың бірі Әлия Балжан пікір білдірді:

Бүгін орталық алаңға Көрісу күніне арналған мерекелік шараны тамашалауға арнайы келдім. Мереке көтеріңкі көңіл күйде өтті, Наурыздың басталғанын сезіндік. Бұл күні адамдар қысты аман-есен өткеріп, көктемге жеткеніне қуанып, бірі-бірімен қол алысады, құшақтасады, өкпе-реніштерін ұмытып, Наурызды жаңа үмітпен, жылы шыраймен, жақсылықпен қарсы алады, - деді ол. 

Атап өтсек, бұл күні облыстың барлық аймақтарында Амал күнінің мәнін ашатын дөңгелек үстелдер, концерттер, театрландырылған көріністер және басқа да мәдени-көпшілік шаралар өтуде.