Жетісу облысының Жаркент қаласында таныстар арасында жанжал шығып, қатысушылардың бірі атыс қаруын қолданған. Жарақат алған адам ауруханаға жеткізіліп, күдікті екі адам ұсталды, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Бұған дейін Панфилов ауданында атыс қаруы қолданылуы мүмкін болған төбелес туралы ақпарат тараған еді. Сондай-ақ қару мемлекеттік органдарға қатысы бар адамға тиесілі болуы мүмкін деген болжам айтылған.
Аталған оқиғаға қатысты Жетісу облыстық полиция департаменті түсініктеме берді. Ведомство мәліметінше, бұзақылық және адам өлтіруге оқталу фактілері бойынша қылмыстық істер қозғалған.
«Тергеу барысында атыс қаруы тәркіленді. Екі күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды», – деп хабарлады полиция.
Сонымен қатар полиция атыс кезінде қолданылған қару мемлекеттік органдарға қатысы бар адамға тиесілі деген ақпаратты жоққа шығарды.
Қазіргі уақытта тергеу облыстық полиция департаменті басшылығының бақылауында. Полиция көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылғанын ескертті.