Белгілі актер, әзілкеш Уәлибек Әбдірайымов жастық шағында Арыстан баб кесенесіне жиі барғанын айтып, сол кездегі қызықты оқиғалардың бірімен бөлісті, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
Актердің айтуынша, ол кезде Арыстан баб кесенесі кітапханаға айналдырылған. Соған қарамастан, киелі орынға зиярат етушілер келіп, тілек тілеп, ақша қалдырып отырған.
«Біз Арыстан бабқа күнде баратынбыз. Ал Мұхаң бірінші рет барған. Өйткені ол кезде Арыстан бабты кітапхана қылып жіберген. Сол жерде ән айтамыз. Үкімет оның қасиетін соншалықты түсіріп жіберген еді», – деп еске алды актер.
Уәлибек Әбдірайымов сол жылдары Өзбекстан мен Тәжікстаннан келген адамдардың кесенеге арнайы барып, сәби сұрап, әулие тұтқанын айтты.
«Ол кезде ақша салатын жәшік жоқ. Адамдар кірпіштердің астына ақша қойып кететін. Біз байқап қалып, олар кеткен соң ақшаны алып кететінбіз. Бірінші барсаң, алып кетесің. Үлкен кісілер "Шошаңдамаңдар, тиіспеңдер" деп көп айтатын», – деді ол.
Осылайша актер балалық және жастық шағындағы әрекеттерін еске алып, Арыстан баб кесенесінің сол кезеңдегі жағдайы туралы әңгімеледі.