Қаржылық мониторинг агенттігі Перизат Қайраттың Дубайдағы туысы бірнеше пәтер сатып алғаны туралы ақпаратты тексеріп, мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Bairaqmedia.kz.
ҚМА мәліметінше, аталған жылжымайтын мүлік Перизат Қайраттың қылмыстық жолмен тапқан ақшасына сатып алынған деген болжам расталмаған.
Тексеру барысында пәтерлердің 2011–2019 жылдары, яғни «Biz Birgemiz Qazaqstan 2030» қоры құрылғанға дейін алынғаны анықталған. Сондай-ақ туыстарының Перизат Қайрат пен оның анасынан бөлек тұрып, кәсіпкерлікпен дербес айналысқаны белгілі болды.
«Оның үстіне, жарияланымдарда аталған жылжымайтын мүлік 2011–2019 жылдары, яғни «Biz Birgemiz Qazaqstan 2030» қоры құрылғанға және П. Қайрат қылмыстық әрекетке кіріскенге дейін сатып алынған. Жалпы, А. ерлі-зайыптылары 20 жылдан астам уақыт бойы жылжымайтын мүлік сатып алып, қайта сатумен айналысып келеді. Олар П. Қайрат пен оның анасынан бөлек тұрып, кәсіпкерлік қызметін де дербес жүргізген», - деп хабарлайды ҚМА.
Агенттік Перизат Қайраттың қайырымдылыққа жиналған қаражатты көлік пен пәтер сатып алуға, қымбат киім-кешек пен әшекей бұйымдарға, сәнді қонақүйлерге, мейрамханаларға және бизнес-класпен ұшуға жұмсағанын еске салды.