Түркістан облысында 17 жастағы Төрехан Төреәлінің өліміне қатысты сот үкімі шықты. Алты сотталушының үшеуі 18 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылды, деп хабарлады Вairaqmedia.kz.
Бұл туралы Жетінші арна жазды. Қайғылы оқиға былтыр қарашада Түлкібас ауданында болған. Бетперде киген адамдар көшеде тұрған төрт жас жігітке оқ атқан. Салдарынан Төрехан оқиға орнында көз жұмып, тағы үш адам жараланған.
Сот негізгі айыпталушыны 20 жылға, тағы екі адамды 18 жылдан бас бостандығынан айырды. Қылмысты жасырғаны үшін екі сотталушыға үш және екі жыл түрме жазасы тағайындалды. Ал екі жыл сегіз айға бас бостандығын шектеу жазасын алған алтыншы сотталушы рақымшылыққа байланысты сот залында босатылды.
«Сот алдына алты адам келді. Олардың үшеуі оқиға орнына барып, қару қолданып, жәбірленушілерге қарай оқ атқан. Қалған үшеуі оқиға орнына барудан және қару қолданудан бас тартқан. Алайда олар қару қолданылатынын алдын ала білгендіктен, бұл туралы полицияға хабарлауға тиіс болған», – деді Дәурен Мадалиев.
Марқұмның анасы Эльмира Айдаралиева негізгі айыпталушыға берілген жазаға келісетінін, алайда рақымшылықпен босатылған адамның жазасына көңілі толмайтынын айтты.
«Қосаев қана босатылды. Оған көңілім толған жоқ. Оны да соттау керек еді. Жазасы екі жыл болса да, үш жыл болса да алуы керек еді», – деді ол.
Сот төрағасы Дәурен Мадалиевтің мәліметінше, іс бойынша жеті адам күдікке ілінген. Алтауы сот алдында жауап берді, жетіншісі әлі іздеуде.
Марқұмның анасы іздеудегі күдіктінің де қарулы шабуылға қатысуы мүмкін екенін айтып, оның тезірек ұсталуын талап етті.