$ 465.74
 537.23
 5.62

Жаңартылған «Түлкібас» теміржол вокзалы пайдалануға берілді

Редактор
12.08.2026, 18:17
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Ұзындығы 540 метрлік перрон жаңартылды

Түркістан облысының Түлкібас ауданындағы Түлкібас кентінде теміржол вокзалының жаңа ғимараты пайдалануға берілді, деп хабарлайды Вairaqmedia.kz.

Жаңа нысанның ашылу рәсіміне Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров арнайы қатысып, вокзалдың құрылыс жұмыстарымен және нысанның материалдық-техникалық базасымен танысты.

Салтанатты жиында облыс әкімі жиналғандарды жаңа вокзал ғимаратының ашылуымен құттықтап, нысанның маңыздылығына тоқталды.

– Баршаңызды Түлкібас ауданы үшін тарихи маңызы зор – жаңартылған теміржол вокзалының ашылу салтанатымен шын жүректен құттықтаймын! Бұл игілікті жоба – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың халыққа қолайлы инфрақұрылымды дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында іске асырылды. Өңірімізде биыл жалпы 5 теміржол вокзалдарының инфрақұрылымы жаңартылды. Тарихы терең Түлкібас вокзалы алғаш рет 1916 жылы салынған болатын. Араға ғасырдан астам уақыт салып, заман талабына сай бой көтерген жаңа вокзал тұрғындар мен қонақтарға сапалы әрі қолайлы қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Осы игілікті іске атсалысқан барлық азаматтарға шынайы алғысымды білдіремін. Жаңа вокзал ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беріп, тұрғындар мен қонақтарға сапалы қызмет көрсететін, Түлкібастың жаңа келбетін айшықтайтын маңызды нысан болады деп сенемін, – деді Нұралхан Көшеров.

Одан кейін салтанатты түрде лента қию рәсімі өтіп, жаңа вокзал ғимараты ресми түрде ашылды. Облыс әкімі қонақтармен бірге вокзалдың ішін аралап, жолаушыларға көрсетілетін қызмет түрлерімен танысты. 

Нысан заманауи талаптарға сай жабдықталып, тәулігіне 186 жолаушыға сервистік қызмет көрсетуге қауқарлы. Вокзал кешені жолаушыларға қажетті қызметтердің толық циклін қамтиды. Жаңа ғимаратта 90 орындық кең күту залы, билет кассасы, анықтама бюросы және асхана қарастырылған. Ана мен бала бөлмесі және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған арнайы бөлме де бар. Сондай-ақ, медициналық пункт, оқшаулау бөлмесі, көліктегі полиция бөлімінің қызметтік кабинеті және барлық қажетті санитарлық-тұрмыстық жағдайлар жасақталған.

Нысан заманауи лифтпен жабдықталып, ерекше қажеттілігі бар азаматтардың кедергісіз қатынауына толық мүмкіндік жасалған. Одан бөлек, жолаушыларға арналған ұзындығы 540 метрлік перрон жаңартылды. Аумақ толық абаттандырылып, көгалдандырылды. Вокзал аумағына бейнебақылау камералары мен дауыс зорайтқыш жүйелері орнатылды. Сондай-ақ жаяу жүргіншілер көпірі жаңғыртылды. 10-ға жуық жаңа жұмыс орны құрылды. 
Түлкібас теміржол вокзалы – өңірдің жолаушылар тасымалы мен көлік-логистикалық жүйесінде маңызды орын алатын нысандардың бірі. Теміржол бекеті елді мекен тұрғындарымен қатар ауданға келетін және ауданнан шығатын жолаушылар үшін қатынас қолжетімділігін қамтамасыз етуде стратегиялық маңызға ие.
 

Соңғы жаңалықтар

Барлығын қарау