Желіде оқиға орнынан видео жарияланды. Кейін мұнай өндіру нысанында апат болғаны анықталды, деп хабарлайды bairaqmedia.kz lada.kz-ке сілтеме жасап.
Маңғыстау облысы Экология департаментінің мәліметінше, 27 сәуірде сағат 15:15 шамасында "ӨзенМұнайГаз" АҚ мұнай дайындау және өндіруге қызмет көрсету басқармасының №4 теңіз сорғы станциясында диаметрі 1020 мм болатын шығыс құбырында жарық анықталды.
Зақым салдарынан тесік пайда болып, су атқылай бастаған. Жер қойнауын пайдаланушы оқиға туралы сол күні 18:24-те хабарлады. Ақаудың себебі әлі анықталған жоқ. Апат қазір толықтай жойылды. Зардап шеккендер жоқ.
Ведомстводағылар зертхана-аналитикалық бақылау мамандары осыған байланысты қоршаған орта жағдайын бақылап отырғанын айтты. Тексеріс нәтижелері кейінірек жарияланады.