$ 490.21
 566.93
 6.81

«Жалақым үш есеге қысқарды»: Бибісара Асаубаева Тоқаевтан көмек сұрады

Редактор
10.06.2026, 16:27
Фото: Kazchess.kz
Фото: Kazchess.kz
Шахматшы жыл сайын түрлі қиындықтарға тап болатынын, ал Спорт министрлігімен жұмыс істеу барған сайын қиындап бара жатқанын айтады.

Шахматшы Бибісара Асаубаева президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа видеоүндеу жолдады. Әлем чемпионы жалақысының үш есеге қысқарғанын, Спорт министрлігі тарабынан уәде етілген көмектің толық көрсетілмегенін, оқу-жаттығу жиындары өз қаражатына ұйымдастырылғанын мәлімдеді.

Сондай-ақ шахматшы өзіне берілген II дәрежелі "Барыс" орденін әлі күнге дейін ала алмай жүргенін айтты, деп хабарлайды

"Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Мен халықаралық гроссмейстер Бибісара Асаубаевамын. Әлем рейтингінде бесінші орында тұрмын. Алдымда тек төрт қытайлық шахматшы бар. Қалғандарының барлығын артта қалдырдым. Сізге мемлекет басшысы ретінде көмек сұрап жүгінуге мәжбүрмін.

Бүгін әлемдегі ең мықты турнирлердің бірі аяқталды. Мен жарыстың аяқталуына бір тур қалғанда чемпион атандым. Алайда осы маңызды жарыс алдындағы оқу-жаттығу жиындары өзімнің жүлде қорым мен ата-анамның қаражатына ұйымдастырылды. Ал маған көмектескен секунданттар мен аналитиктердің еңбекақысы әлі күнге дейін берілген жоқ.

Өзіңіз айтқандай, мен еліміздің алтын қорына жатамын. Бірақ бұл медальдар маған зор еңбекпен, денсаулықпен және төзіммен келіп жатыр. Соған қарамастан Қазақстанның туын халықаралық аренада абыроймен көтеріп келемін", - дейді Бибісара Асаубаева видеода.

Шахматшы жыл сайын түрлі қиындықтарға тап болатынын, ал Спорт министрлігімен жұмыс істеу барған сайын қиындап бара жатқанын айтады.

Оның сөзінше, шахматтан әлем чемпионы атанғаны үшін төленетін сыйақы екі мың доллар ғана. Ал Олимпиада жүлдесі үшін 250 мың доллар қарастырылған.

"Қазақстанда менен басқа ересектер арасындағы әлем чемпионы жоқ. 2023 жылы әлем чемпионатындағы екінші алтын медалімнен кейін министрлік желісі арқылы бір миллион теңге көлемінде жалақы алып келдім. 2025 жылы министр Ербол Мырзабосынов қызметке келгеннен кейін менің жалақым үш есеге қысқарды. Қазақстан шахмат федерациясынан ешқашан жалақы алған емеспін. 2025 жылдың соңында блицтен үшінші рет әлем чемпионы атанып, үміткерлер турниріне жолдама алдым. Бірақ осы жетістіктен кейін де Спорт министрлігінен төленетін жалақы өзгерген жоқ. Қаңтарда бапкеріммен бірге министрмен кездесіп, қаржыландырудың жеткіліксіз екенін айттық. Бізге Sport Qory арқылы міндетті түрде көмек көрсетілетіні айтылды. Өтінім бергенімізбен, қаржының тек бір бөлігі ғана бөлінді. Соның салдарынан секунданттарым қашықтан жұмыс істеуге мәжбүр болды. Мен осындай маңызды турнирге секунданттарын бірге апара алмаған жалғыз шахматшы болдым", - дейді ол.

Бибісара Асаубаева кейін министрдің тапсырмасымен қайта өтінім берген. Вице-министр өтінімнің мақұлданғанын хабарлаған. Бірақ, оның айтуынша, арада біраз уақыт өткен соң қор басшылығынан ешқандай түсініктемесіз бас тарту жауабы келді.

Одан бөлек шахматшы 2025 жылғы 30 желтоқсандағы президент Жарлығымен берілген II дәрежелі "Барыс" орденін әлі ала алмай жүргенін айтты.

"Оны алу үшін Астанаға үш рет барғаныммен, әр жолы рәсім кейінге шегерілді. Бүгінге дейін марапатты қолыма алған жоқпын. Біз сәуір және мамыр айларында сіздің атыңызға "Е-otinish" жүйесі арқылы үш мәрте хат жолдадық. Әлі күнге дейін жауап жоқ. Осы хаттарды министрге де WhatsApp арқылы жібердік. Бірақ жауапсыз қалды. Алда маңызды жарыстар, оқу-жаттығу жиындары және үлкен мақсаттар тұр. Осындай жағдайда маған не істеу керек, Қасым-Жомарт Кемелұлы?" - деп түйіндеді сөзін Бибісара Асаубаева.

Соңғы жаңалықтар

Барлығын қарау