$ 464.86
 544.03
 6.14

Жаһандық су қауіпсіздігі және Қазақстан: халықаралық бастамалар қалай ілгерілеп жатыр?

Редактор
26.03.2026, 18:48
Ашық дереккөз
Ашық дереккөз
Сарапшылардың пікірінше, Қазақстанның су қауіпсіздігі, азық-түлік тұрақтылығы және өңірлік даму бағытындағы бастамалары оның халықаралық аренадағы рөлін күшейтіп отыр. 

Су ресурстары тапшылығы әлемдік күн тәртібіндегі ең өзекті мәселелердің біріне айналды. Климаттың өзгеруі, халық санының өсуі және трансшекаралық өзендерге тәуелділік жағдайында су қауіпсіздігі тек экологиялық емес, геосаяси фактор ретінде де маңызын арттырып отыр. Осы тұрғыда Қазақстан халықаралық деңгейде су ресурстарын тиімді басқаруға бағытталған бастамаларды белсенді түрде ілгерілетіп келеді.

Мәселен, наурыз айының соңында Қазақстан делегациясы UN-Water аясындағы 43-ші кездесуге қатысып, су қауіпсіздігі саласындағы жаһандық ынтымақтастықты нығайту мәселелерін көтерді. Рим қаласында өткен жиын барысында қазақстандық тарап Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашылық еткен БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құру идеясын таныстырды. Қазақстанның бұл ұстанымын Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев нақтылай түсті.

– Бүгінде су ресурстары мәселесі жаһандық қауіпсіздік деңгейіне көтерілді. Қазақстан бұл бағытта халықаралық ынтымақтастықты күшейтуге және тиімді институционалдық тетіктер қалыптастыруға мүдделі. Осыған байланысты Мемлекет басшысы БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құру бастамасын ұсынды. Бұл құрылым су ресурстарын басқаруда үйлесімді саясат жүргізуге мүмкіндік береді, – деді ол.

Қазақстан ұсынған бастамалар тек су қауіпсіздігімен шектелмейді. Ел халықаралық деңгейде азық-түлік қауіпсіздігі мен аграрлық ынтымақтастықты да қатар дамытуға күш салып келеді. Бұл бағытта FAO және IFAD ұйымдарымен әріптестік маңызды рөл атқарады. Ержан Ашықбаев Қазақстанның аграрлық әлеуетіне тоқталып, елдің өңірлік деңгейдегі рөлін атап өтті.

– Қазақстан Орталық Азиядағы негізгі астық өндіруші ел ретінде өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Біз ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен экспорттау бойынша жетекші позициядамыз. Өткен жылы аграрлық өнімнің жалпы көлемі 13,6 пайызға өсті, – деді ол.

Сонымен қатар Қазақстан алдағы жылдары агроөнеркәсіп кешенін жаңа деңгейге көтеруді жоспарлап отыр.

– Біз ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамытуға басымдық беріп отырмыз. Негізгі мақсат – қосылған құны жоғары өнім үлесін 70 пайызға дейін жеткізу. Бұл үшін жаңа өндірістер ашылып, қолданыстағы кәсіпорындар жаңғыртылады, – деді СІМ өкілі.

Қазақстанның халықаралық бастамаларының тағы бір бағыты – гуманитарлық және даму көмегі. Бұл жұмысты KazAID агенттігі жүзеге асырып келеді. KazAID арқылы Қазақстан серіктес елдерге гуманитарлық көмек көрсетіп, дағдарыс пен табиғи апаттардан зардап шеккен өңірлерде әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қолдауға үлес қосып отыр.

Халықаралық кездесулер барысында Қазақстанның бастамаларына шетелдік әріптестер де оң баға беріп жатыр. Италия Сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрінің орынбасары Эдмондо Чириелли екіжақты ынтымақтастықтың жоғары қарқынын атап өтті.

– Қазақстанның ішкі реформалары мен сыртқы саясаттағы бастамалары оң нәтиже көрсетіп отыр. Біз екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделіміз, – деді ол.

Сарапшылардың пікірінше, Қазақстанның су қауіпсіздігі, азық-түлік тұрақтылығы және өңірлік даму бағытындағы бастамалары оның халықаралық аренадағы рөлін күшейтіп отыр. Әсіресе Орталық Азия үшін бұл бастамалар стратегиялық маңызға ие. Қазақстан тарапы сонымен қатар елде FAO және IFAD ұйымдарының субөңірлік кеңселерін ашу мүмкіндігін қарастырып отыр. Бұл Орталық Азия мен Ауғанстан үшін тұрақты даму мақсаттарын іске асыруға және өңірлік азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға ықпал етпек.