Қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлы мен Ұлыбритания өкілі Хамза Шираздың командалары чемпиондық жекпе-жекті өткізу жөнінде келісімге келе алмады. Бұл туралы Дүниежүзілік бокс ұйымының (WBO) президенті Густаво Оливьери мәлімдеді, деп хабарлады Вairaqmedia.kz Tengri Sport-қа сілтеме жасап.
Оливьеридің айтуынша, Queensberry Promotions пен Top Rank белгіленген мерзім ішінде келісімге қол жеткізе алмағанын WBO-ға ресми түрде хабарлаған.
Осыған байланысты ұйым чемпиондық жекпе-жекті өткізу құқығына промоутерлік сауда (purse bid)жарияламақ. Гонорарды бөлуге қатысты қорытынды рәсім 16 қыркүйекте Пуэрто-Рикодағы WBO-ның бас кеңсесінде өтеді.
Бұған дейін WBO екі боксшының командасына келіссөз жүргізу үшін 20 күн уақыт берген. Кейін бұл мерзім 10 қыркүйекке дейін ұзартылған болатын.
Енді промоутерлік сауданың нәтижесі Жәнібек Әлімханұлы мен Хамза Шираз арасындағы чемпиондық жекпе-жекті кім ұйымдастыратынын анықтауы мүмкін.